Петропавлда сүт өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге арналған республиклық форум өтті. Жиында облыс кәсіпкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, екінші күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлер өңірдің озық сүт шаруашылықтарын аралады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында тауарлы-сүт фермаларын салу ісінде біздің өңір республика бойынша көш басында екенін айтып, өңір кәсіпкерлерінің еңбегіне жоғары баға берген болатын. Президент елімізде ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту бағыттарына басымдық беру керек екенін тілге тиек етті.
“100-ден астам ірі тауарлы-сүт фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек”, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы облыста инвестициялық жобаларды іске асыру аясында соңғы 2 жылда 35 жоба, оның ішінде 21 тауарлы-сүт фермасы қаржыландырылған. Нәтижесінде, жаңадан 1400 жұмыс орны ашылды. Өңірдегі сүт өндірісі 59 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қаржылық қолдау есебінен соңғы 2 жылда өңірдегі сүт зауыттарының қуаты 20 пайызға артты. Былтыр 370 мың тонна сүт қайта өңделсе, биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 382 мың тоннаға жетпек.
“Бұрын инвесторлар 2-3 жылға дейін мемлекеттен несие ала алмай жүретін. Бұл уақыт ішінде олардың шарттары маңыздылығынан айырылып, жобаны жүзеге асыруға қажетті жабдықтардың барлығы қымбаттап кететін. Осы мәселелерді шешу мақсатында, біз агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиемен қаржыландыру бойынша қанатқақты жобаны іске қостық. Ол 2021-2025 жылдардағы облысты дамытудың кешенді жоспарына енгізілді. Екі жыл ішінде бұл жобаға республикалық бюджеттен 35 млрд. теңге бөлінді”, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Республикалық форумға еліміздің түпкір-түпкірінен 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Солардың бірі – Дидар Бейсенбаев. Ол – Павлодар облысындағы “Крон Агро” шаруа қожалығының жетекшісі. Бұл шаруашылық 2020 жылы құрылған. Фермада симментал тұқымды мың сиыр бар.
“Бұл форум сүт өндірушілерді қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Мемлекеттің қаржылық қолдауына қалай қол жеткізуге болады, қандай ірі қара мал тұқымына басымдық берген жөн, жемшөптің сапасы қандай деген сұрақтардың жауабы айтылды. Өзге өңірлердің кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасу өте пайдалы”, – дейді ол.
Форумға қатысқан Украинаның “Dairy Global Experts” компаниясының мамандары бұл салада ветеринарлық қызмет жұмысының маңызды екенін айтады. Ірі қараға уақытылы вакцина қою, тиісті күтім көрсету өнімнің сапасына тікелей әсер етеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.