«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Теріскейліктер тәжірибесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда сүт өндірісі­мен айналысатын кәсіпкер­лерге арналған республиклық форум өтті. Жиында облыс кәсіпкерлері өз тәжірибеле­рімен бөлісіп, екінші күні елі­міздің түкпір-түкпірінен келген фермерлер өңірдің озық сүт шаруашылықтарын аралады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биыл­ғы Жолдауында тауарлы-сүт фермаларын салу ісінде біздің өңір республика бойынша көш басында еке­нін айтып, өңір кәсіпкерлерінің ең­бегіне жоғары баға берген болатын. Президент елімізде ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту бағыттарына басымдық беру керек екенін тілге тиек етті.

“100-ден астам ірі тауарлы-сүт фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Осы­ның бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрика­ла­рын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар сал­ған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек”, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы облыста инвестициялық жобаларды іске асыру аясында соңғы 2 жылда 35 жоба, оның ішінде 21 тауарлы-сүт фермасы қаржылан­дырылған. Нәтижесінде, жаңадан 1400 жұмыс орны ашылды. Өңірдегі сүт өндірісі 59 мың тоннаға дейін ұл­ғайды. Қаржылық қолдау есебінен соңғы 2 жылда өңірдегі сүт зауыт­тарының қуаты 20 пайызға артты. Былтыр 370 мың тонна сүт қайта өң­делсе, биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 382 мың тоннаға жетпек.

“Бұрын инвесторлар 2-3 жылға дейін мемлекеттен несие ала алмай жүретін. Бұл уақыт ішінде олардың шарттары маңыздылығынан айыры­лып, жобаны жүзеге асыруға қажетті жабдықтардың барлығы қымбаттап кететін. Осы мәселелерді шешу мақса­тында, біз агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетіл­ген несиемен қаржыландыру бойынша қанатқақты жобаны іске қостық. Ол 2021-2025 жылдардағы облысты дамытудың кешенді жоспарына енгі­зілді. Екі жыл ішінде бұл жобаға республикалық бюджеттен 35 млрд. теңге бөлінді”, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмаған­бетов.

Республикалық форумға еліміздің түпкір-түпкірінен 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Солардың бірі – Дидар Бейсенбаев. Ол – Павлодар облысындағы “Крон Агро” шаруа қо­жалығының жетекшісі. Бұл шаруа­шылық 2020 жылы құрылған. Фермада симментал тұқымды мың сиыр бар.

“Бұл форум сүт өндірушілерді қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Мемлекеттің қаржылық қолдауына қалай қол жеткізуге болады, қандай ірі қара мал тұқымына басымдық берген жөн, жемшөптің сапасы қандай деген сұрақтардың жауабы айтылды. Өзге өңірлердің кәсіпкер­лерімен тәжірибе алмасу өте пай­далы”, – дейді ол.

Форумға қатысқан Украинаның “Dairy Global Experts” компаниясы­ның мамандары бұл салада ветери­нар­лық қызмет жұмысының маңыз­ды екенін айтады. Ірі қараға уақытылы вакцина қою, тиісті күтім көрсету өнімнің сапасына тікелей әсер етеді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp