Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан филиалында төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға банк, қаржы саласының мамандары қатысып, айтулы күнінің ұлтымыздың тарихындағы маңызына тоқталды.
Мерекелік іс-шарада теңгенің 30 жылдығына орай арнайы фильм көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев теңгенің айтулы жетістіктері туралы арнайы баяндама жасап, қаржы саласы мамандарының қажырлы еңбегіне алғысын білдірді. Ол саладағы бірқатар маманға облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Ұлттық банк филиалының басшысы Диас Мэлс төл теңгеміздің ел экономикасындағы алар маңызды орнын сөз етті. Теңгенің сапасы, банк жүйесінің реформалануы, теңге айналымы жайлы мәліметтермен бөліскен ол осы салада ерен еңбек еткен қызметкерлерді мерекемен құттықтап, бірнеше ардагердің кеудесіне Ұлттық банктің мерейтойлық төсбелгісін тақты.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.