Қазақта “Төріңнен қарт кетпесін”, “Ақ сақалды ата бол, ақ самайлы әже бол” дейтін ақ баталар бар. Жасы үлкенге құрмет еткен, қартын сыйлаған, жетімін жебеген, жесірін жылатпаған халықпыз. Ұрпақ – өзін өмірге келтірген, тіршілігіне нәр берген ата-ананың алдында мәңгілік қарыздар. Ананың ақ сүтін, әкенің ақ тілегін ақтау өз болашағыңа жарқын жол ашу деген сөз.
Ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады. Атаңа істегенді балаң саған істейді. Пенде өмір бойы жас болып тұрмайды. Бүгін жас, ертең қартсың. Сен ата-анаңды қалай сыйласаң, сенің балаларың да сені қартайғанда солай сыйлап, солай бағып-қағатын болады. Бұл мәселе ата дінімізде де айтылған.
Исламда ата-ананы қадірлеу амалы мұсылман үшін үлкен дәреже болып табылады. Бұл амалдың маңыздылығын Алла Тағала Құран Кәрімдегі аяттардың бірінде: “Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле”, – деп көрсетеді. “Түһ” – әлемнің көптеген тілдерінде бар сөз. Яғни кез келген адам ата-анасының алдында шаршағанын білдірмеуі керек.
“Ол екеуіне кішірейіп, қарапайымдылық қанатыңды жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда қалай мейіріміне бөлеп, әлпештеп тәрбиелегендей Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!”,-де”, – дейді. (“Исра” сүресі, 23-24-аяттар). Яғни бұл аяттардан алатын пайдамыз не? Ең бірінші – оларға жақсылық жасау. Олардың қызметінде болу. Олардың айтқанынан шықпау. Тек күнәлі істерден басқасының барлығын орындау. Сондай-ақ ата-анамыздың алдында өзімізді төмен ұстау және дауысымызды бәсеңдету.
Пайғамбарымыз бірде (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш қайтара: “Ауыр күнәлардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба?” – деген. Адамдар: “Иә, Расулулла, айтыңыз”, – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Алла Тағалаға серік қосу, әке-шешесін тыңдамау және мұсылман тобынан қашу”, – деген. Қараңыз, Алла Тағала өзіне құлшылық қылғаннан кейінгі ең ұлық амал ата-ананы құрметтеу. Алла Тағалаға серік қосу – үлкен зұлымдық болса, сол зұлымдықтан кейінгі ең зұлым амал – ата-ананы құрметтемеу, оларды қадірлемеу.
Ата-анаға құрмет көрсету – Алла Тағаланың разылығына алып келетін амал.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: “Кімде-кім ата-анасын риза қылса, онда ол Алланы разы қылғаны. Ал кімде-кім ата-анасын ашуландырса, онда ол Алланы ашуландырды”, – дейді. Ата-анамызды қандай да бір істе разы қылсақ, Алланың бізге разы болғаны. Бұл пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уәдесі. Ал біз ата-анамызға селқос қарайтын болсақ, онда Алла Тағаланың ашуын туғызған боламыз.
Дүниеден озып кеткен ата-анамызды еске алып, әруақтарына Құран сүрелерін бағыштауымыз да жақсы амалдардың бірі саналады. Бірде бір сахаба Алланың елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, “Иә, Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Ата-анама жақсылық жасап, бұл дүниеден шығарып салдым. Енді менің олардың алдында атқаратын міндетім бар ма?” – деп сұраған кезде, Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Міндетің бар. Ол екеуіне дұға қылу”, – дейді. Бізде дүниеден өткен кісіге “марқұм” деп айтамыз. Бұл дұға болып табылады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай бір хадисі бар: “Кімде-кім ата-анасына дұға жасамайтын болса, онда оның ризығы тоқтайды”.
Әке-шешесін ренжітетін амалдар көп. Оның бірі – әйелімен бала-шағасын анасынан артық көру. Бұл – оларды тірідей өлтіргеніміз. Ата-анамызыды қандайда бір ренжітетін амал жасасақ, не болмаса ауыр сөз айтсақ – оларды тірідей өлтіргенмен бірдей.
Бұхариден жеткен хадистердің бірінде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Алла Тағала сендерге аналарыңды құрметтемеуді харам етті”, – деген.
Ата-ананы ренжітіп немесе олардың ислам дініне қайшы келмейтін істері мен айтқандарын орындамаған бала түрлі қиыншылықтарға тап болады. Бұл үшін ата-ананың “сені қарғадым”, – деп айтуы міндет емес. Ата-ананың көңілін қалдырудың өзі перзенттің қарғысқа ұшырауы деген сөз.
“Жәннат аналардың аяғының астында” деген нақылды білмейтін мұсылман жоқ. Бірақ осы ұлағаттың мағынасын көпшілік түсіне бермейді. Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы керектігі туралы қасиетті Құранда анық мәліметтер мен өсиеттер көп. Соларды оқып, үйреніп, перзентеріне мұра етіп қалдыруы әрбір мұсылманның міндеті. Әлемдегі ең құрметті де абзал екі жан дүниеден озғанда оларға мал сойып ас беріп, зәулім бейіт тұрғызып, зиратының басына тас қою арқылы ата-ананың разылығын алу мәртебесіне жеттім деу асқан адасушылық. Перзенттері ата-анаға қандай жақсылық істесе де, олардың көзі тірісінде жасағаны абзал. Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: “Үш баланың біреуі мал иесі, келесісі әйелінің иесі, ал әке деп, халқым деп жүрегі соққан жалғыз балам бар”, – деген екен.
Қазіргі қоғамда ата-анасының аузына бір үзім нан салмақ түгіл оларды қарттар үйіне апарып тастап жатқан жандар аз емес. Әкесі мен шешесіне зәбір көрсетіп отырған ұл мен қыздар туралы да естіп жүрміз. Жаның ауырады, жүрегің сыздайды.
Бір хадисте: “Ата-анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа барудан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық”, – делінген. Халқымызда: “Мекке мен Мәдине жолдың ұшы, Алыс сапар дейді ғой барған кісі. Ата-анаңды құрметтесең, Қасиетті Мекке болар үйдің іші”, – деген асыл сөздер бар. Біз кейде шынайы бақытты алыстан іздейміз. Ізгі амал жасау үшін көп қаржы қажет сияқты болып тұрады. Қартайған әке мен шешеге жылы сөз айтудың, маңдайларынан сүйіп, олармен уақыт өткізудің өзі үлкен сауап екенін айтқым келеді.
Атақты Майлықожа жырау:
“Тоғыз ай, он күн көтерген,
Мехнат тартқан төтеннен,
Еңбегінде еті өлген,
Зиярат қылып сиынсаң,
Кем емес құбыла мекеннен.
Қадірін оның білмесең,
Қызметінде жүрмесең,
Арамы, залым болғаның,
Ұрғаны Құдай жетеңнен.
Жақсылық қылғын піріңе,
Жамандық қылсаң тіріде,
Жазаңды Алла тартқызар,
Орын жоқ жәннат мекеннен”, – деп жырлапты. Ақынның әр сөзінде ғибрат жатыр. Осыны қазақтың әр баласы түсінсе игі.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.