«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата-ананы тыңдамау – ауыр күнә

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта “Төріңнен қарт кет­песін”, “Ақ сақалды ата бол, ақ самайлы әже бол” дейтін ақ баталар бар. Жасы үлкенге құр­мет еткен, қартын сыйлаған, жетімін жебе­ген, жесірін жы­латпаған халықпыз. Ұрпақ – өзін өмірге келтірген, тірші­лігіне нәр берген ата-ананың алдында мәңгілік қарыздар. Ана­ның ақ сүтін, әкенің ақ тілегін ақтау өз болашағыңа жарқын жол ашу деген сөз.

Ата-анаға не істесең, алдың­нан сол шығады. Атаңа істегенді балаң саған істейді. Пенде өмір бо­йы жас болып тұрмайды. Бүгін жас, ертең қартсың. Сен ата-анаң­ды қалай сыйласаң, сенің ба­ла­ларың да сені қартайғанда солай сыйлап, солай бағып-қаға­тын болады. Бұл мәселе ата дінімізде де айтылған.

Исламда ата-ананы қадірлеу амалы мұсылман үшін үлкен дә­реже болып табылады. Бұл амал­дың маңыздылығын Алла Тағала Құран Кәрімдегі аяттардың бірін­де: “Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жет­се: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сон­дай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле”, – деп көрсетеді. “Түһ” – әлемнің көптеген тілдерінде бар сөз. Яғни кез келген адам ата-анасының алдында шар­шағанын білдірмеуі керек.

“Ол екеуіне кішірейіп, қара­пайым­дылық қанатыңды жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентай­да қалай мейіріміне бөлеп, әл­пештеп тәрбиелегендей Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!”,-де”, – дейді. (“Исра” сү­ресі, 23-24-аяттар). Яғни бұл аят­тардан алатын пайдамыз не? Ең бірінші – оларға жақсылық жасау. Олардың қызметінде болу. Олар­дың айтқанынан шықпау. Тек күнә­лі істерден басқасының барлығын орындау. Сондай-ақ ата-анамыздың алдында өзімізді төмен ұстау және дауысымызды бәсеңдету.

Пайғамбарымыз бірде (Оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі болсын) үш қайтара: “Ауыр күнә­лардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба?” – деген. Адамдар: “Иә, Расу­лулла, айтыңыз”, – дейді. Сонда Пайғам­ба­рымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Алла Таға­лаға серік қосу, әке-шешесін тыңдамау және мұсылман тобынан қашу”, – деген. Қараңыз, Алла Та­ғала өзіне құлшылық қыл­ғаннан кейінгі ең ұлық амал ата-ананы құрметтеу. Алла Тағалаға серік қосу – үлкен зұлымдық болса, сол зұлымдықтан кейінгі ең зұлым амал – ата-ананы құрметтемеу, олар­ды қадірлемеу.

Ата-анаға құрмет көрсету – Алла Тағаланың разылығына алып келетін амал.

Пайғамбарымыз (Оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: “Кімде-кім ата-анасын риза қылса, онда ол Алланы разы қылғаны. Ал кімде-кім ата-анасын ашуландырса, онда ол Ал­ланы ашуландырды”, – дейді. Ата-анамызды қандай да бір істе разы қылсақ, Алланың бізге разы бол­ғаны. Бұл пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) уәдесі. Ал біз ата-анамызға селқос қарайтын болсақ, онда Алла Тағаланың ашуын туғызған боламыз.

Дүниеден озып кеткен ата-анамызды еске алып, әруақтарына Құран сүрелерін бағыштауымыз да жақсы амалдардың бірі саналады. Бірде бір сахаба Алланың елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, “Иә, Алланың елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Ата-анама жақсылық жасап, бұл дүниеден шы­ғарып салдым. Енді менің олардың алдында атқаратын міндетім бар ма?” – деп сұраған кезде, Ал­ла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Міндетің бар. Ол екеуіне дұға қылу”, – дейді. Біз­де дүниеден өткен кісіге “марқұм” деп айтамыз. Бұл дұға болып та­былады. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) мынадай бір хадисі бар: “Кімде-кім ата-анасына дұға жасамайтын болса, онда оның ризығы тоқтайды”.

Әке-шешесін ренжітетін амал­дар көп. Оның бірі – әйелімен бала-шағасын анасынан артық көру. Бұл – оларды тірідей өлтір­геніміз. Ата-анамызыды қандайда бір рен­жітетін амал жасасақ, не болмаса ауыр сөз айтсақ – оларды тірідей өлтіргенмен бірдей.

Бұхариден жеткен хадистер­дің бірінде, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын): “Алла Тағала сендерге ана­ларыңды құрметтемеуді харам етті”, – деген.

Ата-ананы ренжітіп немесе олардың ислам дініне қайшы кел­мейтін істері мен айтқандарын орындамаған бала түрлі қиыншы­лықтарға тап болады. Бұл үшін ата-ананың “сені қарғадым”, – деп айтуы міндет емес. Ата-ананың кө­ңілін қалдырудың өзі перзенттің қар­ғысқа ұшырауы деген сөз.

“Жәннат аналардың аяғының астында” деген нақылды білмейтін мұсылман жоқ. Бірақ осы ұлағат­тың мағынасын көпшілік түсіне бермейді. Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы керек­тігі туралы қасиетті Құранда анық мәліметтер мен өсиеттер көп. Со­ларды оқып, үйреніп, перзентеріне мұра етіп қалдыруы әрбір мұсыл­ман­ның міндеті. Әлемдегі ең құр­метті де абзал екі жан дүниеден оз­ғанда оларға мал сойып ас беріп, зәулім бейіт тұрғызып, зиратының басына тас қою арқылы ата-ананың разылығын алу мәртебесіне жеттім деу асқан адасушылық. Перзенттері ата-анаға қандай жақ­сылық істесе де, олардың көзі тірі­сінде жасағаны абзал. Қаз дауыс­ты Қазыбек би бабамыз: “Үш бала­ның біреуі мал иесі, келесісі әйе­лінің иесі, ал әке деп, халқым деп жүрегі соққан жалғыз балам бар”, – деген екен.

Қазіргі қоғамда ата-анасының аузына бір үзім нан салмақ түгіл оларды қарттар үйіне апарып тас­тап жатқан жандар аз емес. Әкесі мен шешесіне зәбір көрсетіп отыр­ған ұл мен қыздар туралы да естіп жүрміз. Жаның ауырады, жүрегің сыздайды.

Бір хадисте: “Ата-анаға жақсы­лық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа бару­дан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жо­лында соғысып шейіт болудан да артық”, – делінген. Халқымызда: “Мекке мен Мәдине жолдың ұшы, Алыс сапар дейді ғой барған кісі. Ата-анаңды құрметтесең, Қасиетті Мекке болар үйдің іші”, – деген асыл сөздер бар. Біз кейде шы­найы бақытты алыстан іздейміз. Ізгі амал жасау үшін көп қаржы қа­жет сияқты болып тұрады. Қар­тай­ған әке мен шешеге жылы сөз ай­ту­­дың, маңдайларынан сүйіп, олар­­мен уақыт өткізудің өзі үлкен сауап екенін айтқым келеді.

Атақты Майлықожа жырау:

“Тоғыз ай, он күн көтерген,

Мехнат тартқан төтеннен,

Еңбегінде еті өлген,

Зиярат қылып сиынсаң,

Кем емес құбыла мекеннен.

Қадірін оның білмесең,

Қызметінде жүрмесең,

Арамы, залым болғаның,

Ұрғаны Құдай жетеңнен.

Жақсылық қылғын піріңе,

Жамандық қылсаң тіріде,

Жазаңды Алла тартқызар,

Орын жоқ жәннат мекеннен”, – деп жырлапты. Ақынның әр сөзінде ғибрат жатыр. Осыны қазақтың әр баласы түсінсе игі.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp