Сібір жарасы – жануарлар мен адамдар үшін аса қауіпті жұқпалы кесел. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, сақтандыру жұмыстарын күшейтпей болмайды. Өйткені оның тарауының ықтималдығы жоғары ошақтары аз емес. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов қатысқан жиында айтылды.
Шарада облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары сібір жарасы бойынша тізілімді цифрландыруды ұсынды.
Департамент басшысы Асхат Жақыпбеков талдау жұмыстары барысында сібір жарасын жұқтырған малды көму орындарына басты назар аударылғанын, өйткені үй жануарларына қатысты түрлі аурулардан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, ел халқын қорғау өте өзекті мәселе екенін атап өтті.
Департамент бірқатар проблемаларды, оның ішінде заңнамадағы олқылықтарды, облыстық деңгейде уәкілетті бақылаушы мемлекеттік органның, сондай-ақ осы саланы қаржыландырудың жоқтығын анықтаған.
Талқылау нәтижелері бойынша өңір аумағында сібір жарасының өршуіне жол бермеу мақсатында нақты мемлекеттік органға сібір жарасын жұқтырған малды көметін орындарды күтіп-ұстау жөніндегі функцияларды беру, ветеринарлық талаптарға сәйкес, олардың техникалық жай-күйін жақсарту үшін 2024 жылға арналған қаражат қарастыру, сондай-ақ халықты ақпараттандыру және қоғамдық бақылауды күшейту үшін жер учаскелерін мемлекеттік есепке алу негізінде ақпараттық жүйеде “Сібір жарасы көмінділері картасы” жеке бөлімін құру мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.