«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Экстремистік әрекеттер – үлкен қатер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің басшыларымен кездесуде экстремизмге қарсы күреске байланысты нақты шаралар үйлесімді, бірлескен түрде жүргізілуі қажеттігін атап көрсеткен болатын. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ сьезінде сөйлеген сөзінде экстремизм мен терроризм күрделі мәселелер және өте қауіпті болып қала беретінін, бүгінгі қиын кезеңде діни көшбасшылардың бір үстел басында бас қосуы арқылы адамзаттық ортақ пікірге келуге және кез келген проблема бойынша шешім табуға болатынын, радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар қатаң айыпталатынын еске салған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін, не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дінге, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатынастарына байланысты олардың артықшылығын, не кемістігін насихаттауға қатаң тыйым салынады. Егер бұл әрекеттер көпшілік алдында, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалса, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық, діни алауыздықты насихаттайтын әдебиеттерді немесе өзге де ақпараттар дайындалып немесе таратылса, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған немесе адам өзінің қызметтік жағдайын, не қоғамдық бірлестік көшбасшысы, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасаған сол әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін шектей отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуға әкеледі. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, он екі жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығын шектейді. Бірқатар шетелдің заң нормаларын cалыстырсақ, біршама айырмашылық бар. Мәселен, Германияда “Халықтарға қарсы арандату”, Беларуссияда “Діндерді, діни қоғамдарды және дүниетанымдық бірлестіктерді қорлау”, Ресей Федерациясында “Мемлекеттің конституциялық құрылымы мен қауіпсіздігінің негіздеріне қарсы қылмыстар”, Арменияда “Қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар” тарауына жатқызылады.

Экстремистік қылмыстың кез келген түрі бүкіл әлемде ерекше сипатқа ие екенін тәжірибе анық байқатып отыр. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарға заңды түрде жатқызу ұстанымы отандық заңгерлер арасында әрқилы пікірлер туғызды. Кейбірі ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты тудыру әрекеттерін Қылмыстық кодекс тарауына енгізу қажет, өйткені, бұл мүдделер Конституцияда көрініс тапқан және халықаралық, конституциялық қағидаттарға сай тең дәрежеде қолданылады деп санайды. 1948 жылы қабылданған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әлеуметтік, экономикалық,  мәдени, саяси, азаматтық құқықтар жарияланды. Оның негізінде барлық адамдар өздерінің қадір-қасиеті мен құқықтары бойынша еркін және тең, ақыл мен ар-ожданға ие, бірі-біріне бауырластық рухында әрекет етеді. Бұл идеялар 1965 жылы “Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы” халықаралық конвенцияда тұжырымдалып, одан әрі тереңдетілді. Түсініктемеге сүйенсек, нәсілдік артықшылыққа немесе жеккөрушілікке негізделген идеялардың кез келген түрінің таралуы заңмен жазаланатын қылмыс  болып саналады.

Ғалым А.Дәрменов “Қазақстан Республикасындағы экстремизмге қарсы күрестің криминологиялық аспектілері”  атты диссертациялық жұмысында бұл келеңсіз көріністің төрт түрін (саяси, діни, қылмыстық және ұлттық)  саралайды. Оның талдауына қарағанда, экстремизм белгілі бір идеологиялық зорлық-зомбылықтың теориялық негіздемесінің міндетті түрде болуын болжайды, ал терроризм экстремистік идеологиядан туындайтын мәжбүрлік сипаттағы нақты әрекеттерді білдіреді. Сондықтан әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға жол бермеу, өзара түсіністік келісімді сақтау өте маңызды. Бұл бағытта көптеген кешенді шаралар қабылданды. Әлеуметтік медиа өміріміздің ажырамас бір бөлігі болып табылатындықтан, оны пайдаланушылар мен интернет-ресурстардың иелеріне қатаң талаптар қойылады. Террористік және экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасаушылар қылмыстық жауапкершілікке 16 жастан бастап тартылатындықтан, осы жағына аса мұқият болған жөн.  

Саясаттанушы Бағдат Әміреев “Шығыс және Батыс: жаһанданудың сын-қатерлері” кітабында: ұлтаралық, конфессияаралық диалогтардың басты мақсаты – өркениеттер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің әмбебап формуласын әзірлей отырып, қазіргі әлемдегі мәдени, діни және этникалық негіздердегі қақтығыстардың алдын алу”,  – деп ой қорытады. Елімізде ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүлікке қатысты жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, танымына, тұрғылықты жеріне қатысты қандай да кемсітушілікке жол берілмейді. Ішкі келісімсіз саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктерге жету мүмкін емес. Әсіресе бұл мәселені демографиялық, этнографиялық және діни құрамы жағынан әрқилы елдерде жүзеге асыру қиынның қиыны. Егемендіктің елең-алаң шағында “Қазақстан өте күрделі демографиялық жағдайда тұр, түбінде ұлтаралық қақтығыстарға ұшырайды”, – деген сәуегейлік танытушылар аз болған жоқ. Біздің ең асыл байлығымыз – бейбітшілік пен бірлікте өмір сүріп жатқанымыз. Толеранттылық – шыдамдылық деген мағынаны білдіреді, яғни, өзгенің пікіріне, мінез-құлқына төзімділікпен құлақасу, ден қою деген сөз. Басқаны түсі-ну үшін кез келген адамның бойында толыққанды моральдық бейне қа-лыптасуы шарт. Төзімділіктің анти-поды – ксенофобия, оны тарата ай-татын болсақ, ерекше қорқыныш, дұшпандық, төзбеушілік сезімін ту-дыру, қоздыру. Мұның ақыры тер-роризм мен экстремизмнің өте-мөте белең алып, қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай зор нұқсан келтірілуі мүмкін. “Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы” Заңда конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының егемендігін, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмаушылығын және бөлінбейтіндігін бұзу, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, билікті күштеп басып алу немесе билікті күштеп ұстап қалу, заңсыз әскерилендірілген құрылым құру, басшылық ету және оған қатысу әрекеттері экстремистік деп танылатыны айқындалған. Оның ішінде нәсілдік, ұлттық және рулық алауыздықты, зорлық-зомбылық пен оған шақыратын ұлттық және діни, қарулы бүлікті, экстремистік топ құруды, оларды қаржыландыруды, жәрдемдесуді, саяси билікті басып алуды, адамдарды жалдап, қаруландыруды көздейтін қылмыстық экстремизм өте қауіпті. Адамардың қаза болуы, елеулі мүліктік залал келтіру, өзге де қоғамдық қауіпті зардаптар тудыру, жарылыс, өртеу, басқа да іс-әрекеттер жасау, халықты қорқыту, соғысқа арандату, мемлекет немесе қоғам қайраткерінің өміріне қол сұғу, ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау арқылы адамдарды кепілге алу, әуе не болмаса су кемесін, өзге де қоғамдық көлікті айдап әкету сияқты қылмыстар тізбесі Қылмыстық кодекстің 255-ші бабында жазылған. Сондықтан кодекстің өзге де баптарындағы террористік және экстремистік пиғылдағы іс-әрекеттерді білу – бәріміз үшін міндет.

Азамат ӘШІМОВ,

Петропавл қалалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp