«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ҚАЛАМГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінің қайсар ұлы, танымал журналист, айбынды азамат Мәлік Мұқанов ағамыз тірі болса осы күндері 80 жасқа толар еді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен шара қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналды. 

Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен журналистің туыстары Мәлік Мұқановтың өнегелі өмір жолы туралы ой толғады. Еңбек ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов Мәкеңнің батылдығы мен батырлығы жайлы айтып, жиналғандарды тәнті етті. “Менің әкемді облыс орталығына шақырып, “халық жауы” деп қамап тастағанда артынан аңырап келген анам еш дерек таба алмай, оны көре алмай қиналады. Мәлік Мұқановтың әкесі – Жақыпқа барып, Құдай қосқан қосағымен кездестіруге жәрдемдесуін өтінеді. Қылышынан қан тамып, жалаңдап тұрған баскесер заманда Жақып нағашымыз басын бәйгеге тігіп, шешемді түрмеде жатқан әкеме жолықтырады. Осының өзі – үлкен ерлік. Мәліктің батырлығы сол әкесінен жұққан шығар деп ойлаймын”, – деді ақсақал.

Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдарда сепаратистерге батыл тойтарыс берген де Мәкең еді. Жалпы Мәкеңнің өмірі туралы әңгіме басталса жұрттың бәрінің бойында патриоттық сезім лаулайды. 

Мәкеңнің сыныптасы Қымбат Исманова оның жастайынан білімге, кітап оқуға құштар болғанын еске алды. Өзін мақала жазуға баулығанын айтқан шәкірті Нұрсайын Шәріп қаламгердің терең білімді болғанын айты. Облысқа белгілі өнерпаз, “Күдер” домбырашылар оркестрін құрған Тойкен Күдерова Мәкеңнің ұлтжандылығы жайлы әсерлі сөз сабақтады. Жиында сөз сөйлеген жандардың бәрі Мәкеңнің азаматтық, адамгершілік, журналистік, жазушылық қырларын айтып, бірін-бірі толықтыра түсті. Үлкен ұлы Арман мен келіні Динара, немересі Жанай ардақты тұлғаны қимастықпен еске алды.

Жақсыбай САМРАТ,

жазушы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp