“Бала – адамның бауыр еті” деп жатамыз. Мен “бала адамның бауыр еті ғана емес, тұтас жаны” дер едім. Кез келген адам баласымен мақтанады, баласының амандығынан күш алады, перзентінің жетістіктері арқылы мерейі тасып, жаны марқаяды.
2004 жылы жұбайым, балаларымның анасы Әзина Әуелбекова қайтыс болғанда, ұлым Алхат 15 жаста еді. Айдың-күннің аманында серігімнен айырылып, өмірім тас түнекке айналғандай күй кештім. Екі ұлымды құшақтап, сол екеуінің жанарына мұң түспесін, екеуі күйреген мені көріп, мүжілмесін деп еңсемді көтеруге бар күшімді салдым. Екі ұлымды шамам келгенінше оқыттым, аяқтан тұруына бар көмегімді бердім. Үлкенім Алмат жоғары білім алып, мамандық иесі атанды. Кішісі Алхат Көкшетауда оқыды. Аналары кеткелі көңілсіздік басқан шаңырағымыз қос құлыным дипломмен келген күні шаттыққа толып еді.
Алмат қалада жұмысқа орналасса, Алхатым жанымда қалды. Компьютерде бағдарлама құрушы мамандығын меңгерген Алхатқа ауылда жұмыс табыла қоймады. Алайда ол бос отырмай, кез келген жұмысты істеп, өз ақшасын өзі тауып жүрді. Екі баламды үйлендіріп, тойын көремін, немерелерімді жетектеп мектепке апарамын деген үлкен арманым бар еді. Екі балам маған күш беріп самғататын қос қанатым деп, екі жұмысты қатарынан істеп, шапқылап жүрдім. Әр күніміз ұлым Алхатпен бірге өтеді. Болашаққа түрлі жоспар құрып, армандардың қиялына берілетінбіз. Сондайда жаратқаннан сұрайтын жалғыз тілегім – сол күндерді көру ғана еді.
Бір күні түнгі ауысымнан алаңсыз үйге келсем, Алхат әлі оянбапты. Жұмысына кешігеді ғой деп, ұйықтап жатқан ұлымды ояту үшін жанына келдім. Иығын ұстаған қолым қарысып қалғандай, қозғай алар емеспін. Ұлымның денесі суып қалған. “Алхат, тұра ғой, ояншы” деп жұлқылай бердім, жұлқылай бердім. Аспан айналып жерге түскендей. Айналам тұманданып бара жатты. Алхатым бақилыққа аттанып кеткен екен.
“Атам дегізсең де, ботам дегізбе” деген, ботадай боздап ұлымды соңғы сапарына шығарып салдық. Ата-анаға ең ауыр қасірет – перзентін қара жерге қиып беруі. Өз бауыр етің балаңның өлімін көтеруге күш жетпейді екен. Ішімде мың сан сұрақ қалды. Өкініш қалды. Күн ұзаққа сол сұраулардың жауабын таппай, сандалып кете жаздаймын. Мұндай қасіретті, мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін. “Қайғыны бөліссе, азаяды” деген халықпыз ғой. Ішімді өртеп бара жатқан өкініш, қасірет, күйігімді бөлісу мақсатында, қолыма қалам алдым. Ұл-қызыңыз бен жақындарыңыз жаныңызда екен, бағалай біліңіздер. Жаратушы ешбір пендесін мен сияқты өкінішпен, қасіретпен сынамасын.
Алхат, ұлым, өмірден өте ерте кеттің. Сен – менің бақытым едің. Артыңда аңырап, сені жоқтап әкең мен ағаң қалды. Балапандай қорғадым, асыл туған құс болдың, ұйқыда көрген түс болдың. Қызық бір дәурен көрмедің, сайрандап еліңде жүрмедің. Кір жуып, кіндік кескен еліңе, сыймай кеттің балам-ау. Сені үйлендіріп, немеремді иіскеймін деген арманым сағымға айналды ғой. Аузыңа су тамыза алмадым, соңғы сәтте қасыңда бола алмадым. Лайым, арғы дүниеде атаң Мағзұммен, апаң Мәруашпен, анаң Әзинамен кездесіп, жаның жай тапсын. Менің қолымнан келері сені еске алып, алақан жайып дұға оқу ғана.
Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,
еңбек ардагері.