Стратегиялық маңызы зор салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне озық технологияларды енгізіп, сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық реформаларға басымдық беріп, ішкі нарықты халық тұтынатын бірінші қажетті азық-түлікпен, отандық тауарлармен қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін айқындады. Осы ретте бүгінгі күні импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру аса маңызды міндетке айналып отыр. “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс жасау қадамдары нақты қойылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан, сондықтан оның мүмкіндіктерін толық пайдалану, бұдан бөлек, Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айнала отырып, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу нысаналы мақсат болмақ. Осыған орай алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу, сондай-ақ жұртты өнім өндіруге ынталандыру талабын жүзеге асыру ішкі әлеуетімізді нығайта түсері сөзсіз.
Алдымен малдың амандығын сұрайтын халқымыз күзді қашанда молшылыққа, тоқшылыққа балаған. Елдігімізді еселейтін, диқан қауымының маңдай терімен жиналып, қамбаға құйылған мол ризықтаразыға салынар сәт. Өңір жұртшылығы әл-ауқатының көтеріліп, өмір сүру сапасының жақсарып, көңіл күйінің тоғаюының нышаны ауыл шаруашылығының өркендеуімен тығыз байланысты екенін естен шығармаймыз. Ет, сүт, астық өнімдерін тереңдетіп өңдеудегі азды-көпті жинақталған тәжірибеміздің Жолдауда өзгелерге үлгі етілуі біз үшін зор мақтаныш, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді. Жүзден астам ірі сүт фермаларының пайдалануға берілуі тіршіліктің күре тамырында, еселі еңбек майданында жүрген майталмандарымыздың қажырлы іс-қимылы арқасында дер едік. Астық жорығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, біліктілік пен кәсіби шеберліктің өнегесін қалыптастырған ауылдықтар таңдаған мамандықтары мен даңқты дәстүрге адалдығы, еңбексүйгіштігі мен табандылығы қандай да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Табыстың шешуші кілті – нақ солардың қолында. “Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы” Жарлыққа сәйкес, қараша айының үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінің аталып өтілуінің мәні айрықша. Биылғы орақ науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Негізгі астық өсіретін өңірлерде жаздың құрғақшылыққа, ал күздің жауын-шашынға ұласуы салдарынан күрделі ахуалда жұмыс істеуге тура келді. Арзандатылған дизель отынының тәуекелі мол климаттық жағдайдың есепке алынбай бөлінуі республикалық тиісті ведомстволар назарына ұсынылып, мәселе дер кезінде шешімін тапты. Агротехникалық талаптарды мұқият сақтап, озық әдіс-тәсілдерді тиімділікпен пайдалана білген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, астықты уақытылы жинап алды. Гектар берекелігі 11,1 центнерден айналып, қамбаға 3,7 млн. тонна алтын дән құйылды. Бұл – республика бойынша жалпы өнімнің төрттен біріне жуық. Мұның өзі ішкі қажеттілікті толық өтеумен бірге экспорттық әлеуетімізді арттыруға, Қазақстанның астық державасы мәртебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да аграрлық сектор өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Жыл басынан бері салада 775 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің 10,3 пайызын құрайды. Бес мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс істейді, яғни, 90 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жолдауда ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозғаны, сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттігі алға тартылды. Өңір фермерлері жылына 2 мыңнан астам заманауи, жоғары өнімді техникалар сатып алады. Егіс танаптарына енгізілген тыңайтқыштар көлемі бойынша елімізде жетекші орындамыз. Жыл сайын 180-200 мың тонна мөлшерінде минералдық тыңайтқыш сіңіріледі. 3-4 жыл бұрын 5-6 түрі ғана қолданылып келсе, қазір 50-ден астам түрі бар. Бүгінгі таңда сұйық тыңайтқыш және макротыңайтқыш өндіретін 19 шағын зауыт жұмыс істейді. Суару жүйелерінің артықшылықтарын фермерлер жете сезініп отыр. Оның көлемі 4,7 мың гектарға жетті, 4,2 мың гектары жаңбырлатып, 500 гектары тамшылатып суарылады. Жоғары рентабельді дақылдар өсіруге баса назар аударылады. Астық өндірісін әртараптандыру аясында жасымық, қыша, бұршақ, күнбағыс алқаптары ұлғайтылды. Мәселен, қарақұмық 24 мың гектар жерге өсіріледі. “Петерфельд Агро”, “Иван Зенченко” сияқты серіктестіктердің гектар шығымдылығы 25-28 центнерден асып жығылады.
Мал шаруашылығы да дамып келеді. 102 тауарлы және заманауи сүт кешені бар. Оларда 52 мың бас сиыр сауылады. 2022 жылы республикадағы сүт өнімінің он пайызы (647,8 мың тонна) біздің облыста өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 670 мың тоннаға дейін жеткізу белгіленген. 10 айдың қорытындысы – 600 мың тонна, демек меже орындалады деген сөз. 17 заманауи тауарлы сүт кешенінің құрылысы жүргізіліп, екеуі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы алтауы пайдалануға беріледі. Бірінші рет өткізілген “Алғашқы сүт туры” республикалық семинар-кеңесінде соңғы жылдары 30 сүт фермасы салынғаны, оларда 16 мың бас ірі қара бағылатыны, бір мыңнан астам адамның жұмысқа орналастырылғаны, жобаларды жүзеге асыруға 40 млрд. теңге инвестиция тартылғаны жайлы фактілер келтірілді. Тауарлы-сүт фермасын ашуға ниетті шаруалар үшін рәсімделетін несие қомақты, ал пайызы төмен. 8 жылға 4 пайыздық үстемемен беріледі. Алған қарызды екі жылдан кейін қайтара бастайтын бағдарламалар да ұсынылады. Соңғы екі жылдың ішінде кәсіпкерлер 35 млрд. теңге несие алды. Агроөнеркәсіптік кешеннің басқа бағыттары бойынша да қанатқақты жобаларға қатысуға болады. “ЕМС Агро” ЖШС 100 мың бас шошқаға лайықталған кешенді кеңейтуді аяқтады. Қазір мұнда 200 мың басқа шақталған ферманың құрылысы жүргізілуде. Қуаттылығы 6,5 мың тонна болатын 2 құс фабрикасы салынды. Бұдан бөлек, қуаттылығы 10 мың тонналық тағы бір құс фабрикасы тұрғызылуда.
Өңдеу саласында да бірқатар жаңғыртулар жүргізілді. “Масло-Дел” кәсіпорнында жаңа желілер іске қосылды, жылдық қуаттылық 150 мың тоннаға, өнім түрлерін жүзге дейін ұлғайтты. “Еуразиялық Сүт” ЖШС – облыста қатты ірімшік шығаратын жалғыз кәсіпорын, жылдық жобалық қуаттылығы – 2,5 мың тонна. “Тезис” ЖШС жұмсақ ірімшік шығаратын зауыттың тұсауын кесті. Бұл мақсат үшін инвестор 600 млн. теңгеден астам қаржы құйды. Еліміз бойынша өндірілетін сүт өнімінің бестен бірі Қызылжар өңіріне тиесілі. 3,7 гектар аумаққа орналасқан “Жасыл Солтүстік” кешенді жылыжайы пайдалануға берілсе, жылына 1319 тонна қияр, 1460 тонна қызанақ жиналып, қысы-жазы дастарқаннан үзілмейтін болады. Осылайша жергілікті нарықты жоғары экологиялық таза көкөніспен қамтамасыз етуге игі әсері мол болмақ.
Облыс шаруалары мен қайта өңдеушілер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, жаңа технологиялар енгізудің, инвестициялар құйып, білікті кадрлар даярлаудың, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдірудің жолдарын жетік меңгерген. Өңірде сапалы астық, сүтті бағыттағы ірі қара өсіруге қолайлы алқаптар, жайылымдық және шабындық жерлер мол.
Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ,
облыс әкімінің бірінші орынбасары.