Елімізде ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиаданың бірінші кезеңі басталды. Пәндік олимпиадада 85 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы бақ сынамақ. Ал облыста білім сайысына 3 мыңға жуық бала қатысады. Дода 13 пән бойынша өтеді. Оқушылар тек қалам және қағазбен кіруі қажет. Олардың іс-әрекеті камералар арқылы қадағаланады. Мұндай іс-шара елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Мәселен, Қызылжар ауданы бойынша 460 оқушы олимпиадаға қатысуға ниет білдірген. №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы Ләззат Серікпайдың айтуынша, бұл олимпиадаға екі ай бойы дайындалған. Арнайы репетитор жалдаған. Тапсырмалар “auyl.daryn.kz” сайтында бар.
– Барлық тапсырмалар компьютерде шығады, яғни олимпиада онлайн өтеді. Ол қарашаның 28-іне дейін жалғасады. Неміс және француз тілі бұл олимпиадаға енбеген, – дейді “Қызылжар дарыны” дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры Қуаныш Белгібай.
Пәндік олимпиада үш кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Бұл сынақта жеңіске жеткендер Астана қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.