Теориялық емтихан тапсыру үшін “ЖЖЕ 3.0” жаңа жүйесі енгелі бері тексеріс ережелері күшейді. Соның нәтижесінде, Шымкент қаласында, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстарында емтихан тапсыру ережелерін бұзған азаматтардың нәтижелері күшін жойды.
Жаңа жүйенің арқасында “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ” мемлекеттік корпорацияның мамандары қызмет алушылардың емтихан барысында жеке компьютерлерге қашықтан қосылуға мүмкіндік беретін микроқұлаққаптарды, “HDMI” сплиттерді қолданғаны туралы деректерді анықтады. Сонымен қатар, қолдануға тыйым салынған құрылғыларды көйлек-жейделерінің жеңіне салып немесе электронды құрылғылар орнатылған киіммен кіруге тырысқан.
Мәселен, Шымкент қаласында емтихан тапсырушы үшінші тұлғаның көмегіне жүгінген. Ол жақын орналасқан терезені қағу арқылы дұрыс жауапты білдіртіп отырған. Жүйе емтихан тапсырушының қимыл-қозғалысын, терезеге жиі назар аударатынын анықтаса, аудиожазба терезе тұстан келген дыбыстарды тіркеген. Нәтижесінде, емтихан нәтижелері есептелмей, күшін жойды.
– Жаңа жүйе биыл, қазан айында Қазақстанның аумағындағы 83 емтихан сыныбына енгізілген. Осы аралықта емтиханды сәтті тапсырғаны туралы нәтижелер саны екі есеге азайған. Бұл жүргізуші куәлігін жол жүру ережелерін жақсы меңгерген азаматтардың алып жатқандығын дәлелдейтін көрсеткіш, – деді “Азаматтарға арналған үкімет” КЕ АҚ” мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Ал емтихан нәтижелері жойылған азаматтар оны қайта тапсыруға тек үш айдан кейін ғана жазыла алады. Жыл басынан бері бір миллионнан астам адамға жүргізуші куәлігі берілген.
Анар ҚҰСАНОВА,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” облыстық филиалының баспасөз хатшысы.