«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақан серінің домбырасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ән өнері шырқау шегіне жетіп, қазақ мәдениеті мен өнерінің “алтын ғасыры” аталған ХIХ ғасырдағы сал-серілік мектептің көрнекті өкілі – Ақан серінің домбырасы Алматы төріндегі Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында сақтаулы тұр.

Саналы ғұмырын Ақан серінің мұрасы мен шығармашылығын түбегейлі зерттеуге арнап, соңына ақтаңгер әнші туралы  ғажайып роман жазып қалдырған белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің үйінде сақталып келген домбыраны мұражайға оның ұрпақтары әкеліп тапсырған. Ал жазушыға бұл аспапты Алаштың ардақты перзентінің өз ұрпақтары аманаттапты. “Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естай сынды сал-серілік дәстүрді қалыптастырған ірі тұлғалардың бірі Ақан сері Қорамсаұлы ұстаған 150 жылдық тарихы бар қара домбыраның мұражай қорындағы қастерлі жәдігерге айналуы бүкіл қазақ мәдениетінің жетістігі болып қабылданды. Қазақтың ән өнерінде қайталанбас дара тұлғаға айналған Ақан серінің бүгінге дейін жеткен мол мұрасы – бүгінгі дәстүрлі әншілеріміздің қоржынындағы қымбат қазына”, – дейді мұражай жанындағы ғылым бөлімінің меңгерушісі Ш. Ибрашева. 

Аспандағы аққуға үн қосқан Ақан сері өзі пайдаланған домбыраның Оңтүстік астанамыздағы мәдениет ордаларының бірінде тұрғанын жерлестеріміздің біреуі білсе, біреуі білмейді. Мұражай мамандары сөредегі қымбат жәдігерді солтүстікқазақстандықтарға көрсетуге әзір.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp