«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ әнінің падишасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қазақтың классикалық музыкасының негізін салушылардың бірі, алтын ғасырдағы ән діңгегі, ұлы композитор, аруақты ақын һәм асқақ әнші Ақан сері Қорамса­ұлының туғанына 180 жыл толды. Серінің серт үстіндегі семсердей ғажайып әндері – асыл мұрамыз. Біз бұған Алаш ардақтысының есімін иеленген облыстық филармонияда өткен Ақан сері Қорамсаұлы атындағы II республикалық дәстүрлі әншілер байқауында көз жеткіздік.

Байқаудың шымылдығын “Әде­мі-ау” қазақ халық аспаптары ан­самблінің өнерпаздары мың бұрал­ған биімен ашты.

– Ақан сері – қазақ ән өнерінің па­дишасы. Ол Николай патшаның ал­дында алаш қауымының зар-мұңын өлеңдетіп ақтарған. Азат­тық­тың аң­сар жаршысы, отаршылдар­дың қия­натын жан-дүниесінің тұң­ғиық түйсік тұмасымен сезінген, кө­кірегінің зер­десімен көріп назалан­ған да наразы болған ұлт рухының бір мұңлық мі­нә­жатшысы осы ән ар­дагері. Бүгінгі байқаудың негізгі мақ­саты еліміздің түкпір-түкпіріндегі Ақанның әнін әуе­лете салатын та­ланттарды жинап, серінің шығарма­ларын туған жерінде кеңінен наси­хаттау, жас өнерпаздарды анықтап, кәсіби шеберлік­те­рін жетілдіру, дәс­түрлі ән өнері ар­қы­лы ұлттық мәдениетке деген сүйіс­пеншілікті арт­тыру, ұлттық құн­дылықтарымызды дәріптеу, – деді ша­­раны ұйымдастырушылардың бірі, дәстүрлі әнші Біржан Есжан.

Додаға еліміздің өңі­рлерінен 18 бен 35 жас аралығындағы қырықтан астам дәстүрлі әнші қа­тысып, байқау талаптарына сәйкес өз өнерлерін көрсетті. Олардың өнер­лерін Ербол Айтбаев, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Дәу­ренбек Әлкенов сынды мәдениет саласының белді өкілдері бағалады. Жеңімпаздарға дипломдар, ақшалай сыйлықтар және Молдахмет Тырбиұлы, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Кәкімбек Салықов атын­дағы арнайы жүлделер табысталды.

– Бүгін Қызылжардың аспанында ән қалықтап жатыр. Ақан атамыздың артында қалған асыл қазынасын қазақ халқының игілігіне жаратып, руханияттың дамуына үлес қосқан жастарымызға ризашылығымды білдіремін. Қазақ әнін айтып, халықтың рухын асқақтатқан әншіні қалың бұқара алақанында ұстайды. Сынға түскен жүйріктерге сәттілік тілеймін, – деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Ербол Айтбаев.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Санат Әубәкіров бұл ән байқауының Ақан сері шығармаларын кеңінен насихаттауға зор үлес қосатынын жеткізді.

 –  Қазақтың ән өнерінің жарқын өкілдері туралы айтқанда біз ең алдымен аузымызға Ақан серіні, Біржан сал мен Мұхитты аламыз. Ақан серінің “Құлагері”, “Әудемжері” мен “Мақпалы” әлемдік классиканың керемет туындылары. Бабамыз сегіз қырлы, бір сырлы адам болған.  Ит жүгіртіп, құс салған, жүйрік баптап, бәйгеге қосқан. Ақандай арда ұлын ұлықтап жатқан Қызылжар халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Маңғыстаудың намысын қорғап келген Әзімхан Адай.

Байқаудың бірінші кезеңінен сүрінбей өткен 18 әнші ақтық сайысқа жолдама алды. Бірінші кезеңнен өте алмаған әншілерге Алғыс хаттар,  арнайы сыйлық, “Ақан серінің 180 жылдығы” мерейтойлық төсбелгісі табысталды. Байқаудың қорытындысы туралы мақаланы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp