Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында Айыртау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Аудан әкімі Ерболат Бекшенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында айтылған бастамаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады.
Ауданның әлеуетін көтеретін негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру аса маңызды. Өткен он айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 млрд. теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 8,3 пайызға жоғары. Ал жекеменшік инвестиция көлемі 13,2 млрд. теңгені құрады.
– Қазіргі таңда аудандағы орташа еңбекақы көлемі өткен жылдың сәйкес мерзіміндегімен салыстырғанда 22,6 пайызға өсті. Яғни өткен жылы аудан бойынша орташа еңбекақы көлемі 203538 теңге болса, биылғы өткен он айда 249566 теңгеге жетті, – деді аудан әкімі Ерболат Бекшенов.
Біздің өңірде тұрғындардың дені ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіні белгілі. Айыртау ауданында өткен он айда аталған салада өндірілген жалпы өнім көлемі 73,5 млрд. теңгеге жетті. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 95,5 млрд. теңге болған екен. Жалпы өнім көлемінің төмендеуі – биылғы орақ науқаны кезіндегі қолайсыз ауа райының салдары.
– Егістіктің өнімділігін арттыру үшін 265 мың гектарға 17 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Үстіміздегі жылы 5,8 млрд. теңгеге 263 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Осының нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту үлесі 6,2 пайызды құрады, – деген Ерболат Бекшенов соңғы жылдары өңір диқандарын діңкелетіп отырған құрғақшылық салдарына да тоқталды.
Қазіргі таңда жауын-шашынды тосқаннан гөрі ылғалды үнемдеу өзектілене түскен. Осы ретте аудан диқандары су үнемдеу технологиясын қолдануға әдістенген. Аудандағы “Агро Елецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы суару жүйесін салу бойынша құрылысты қолға алған. Жобаның құны – 1 млрд. теңге. Белсенді диқандардың арқасында алдағы екі жылда суармалы егістік алқабының көлемін 1093 гектарға дейін көбейтіп, онда картоп және көкөніс өсіру жоспарланған.
Жерді емген диқандар өнімді мол алуға тырысып жатса, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқандардың да өз жоспары бар. Бүгінгі таңда олар ұсақ мал өсіруге ден қойған. Жекеменшік инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде асыл тұқымды ұсақ малдардың саны артқан. Мәселен, Айыртау ауылындағы “Айыртау Групп” шаруашылығы 1800 бас асыл тұқымды қой сатып алды.
Ауданда әр салада осындай жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек еткен Ерболат Бекшенов алдағы уақытта жүзеге асырылар жобаларды да таныстырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.