Артында өшпес із қалдырған еліміздің ардақты әншісі, сал-серілердің падишасы, Арқа ән мектебінің ірі өкілі Ақан серінің 180 жылдығына арналып өткізілген республикалық дәстүрлі әншілер байқауы қорытындыланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 43 әнші қатысып, екі күн бойы Қызылжар аспанын думанға бөлеп, ән жәрмеңкесінің көркін қыздырған үздіктер талғамы биік жұртшылықтың көзайымына айналды.
Байқаудың қорытындысы шығарылған гала-концертте осынау игі шараның басы-қасында жүрген дәстүрлі әнші, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Біржан Есжанның құрастыруымен баспа бетін көрген “Майдақоңыр” деп аталатын кітаптың тұсауы кесілді. Туынды “Той тойға ұласып”, “Ақан турасында”, “Ән-мұра”, “Арнау өлеңдер” деген төрт бөлімнен құралған. Кітапқа Қазақстанның Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов, мәдениет қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы Саида Еламанова, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Рамазан Стамғазы пікір жазса, нотаға мәдениет саласының үздігі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Қайрат Айтбаев түсіріпті. Аталмыш жинақ Алматы қаласындағы “Үш қиян” баспасында басылған.
– Ақан сері – Қызылжардың ғана емес, қазақтың мақтанышы. Ән падишасының артына қалдырған мол мұрасын насихаттау бәріміздің міндетіміз. Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Оған қатысқан өнерпаздар Ақан серінің әндерін әуелете шырқап, жүректерге жеткізе білді. Біздің көздегеніміз де осы болатын. Ардақты тұлғаның асыл мұралары әр қазақтың сүйіп тыңдайтын туындысына айналуы керек, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ержан Құлымбетов.
Шарада қазылар алқасының төрағасы Ербол Айтбаев сөз алып, байқауға қатысушыларды бағалау оңайға соқпағанын жеткізді. Жүзден жүйрік шыққандарға жүлделі орындар, арнайы сыйлықтар табысталды.
Дамир Рахимбердиев, Алдияр Ықылас, Фархад Жәкіш, Ерасыл Алпысбай Алғыс хатпен, Аружан Сағындық, Гүлназ Қыздарбекова, Ерхуланбек Ерханат арнайы дипломмен марапатталса, Өмірзақ Шешханұлы Молдахмет Тырбиұлы атындағы, Байбақты Ідірбай Мұса Асайынов атындағы, Таңат Мұқашев Игібай Әлібаев атындағы, Сандуғаш Мұхамбет Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлделерді иеленді. Қабдел Қастер, Мирлан Жамбылов, Мағжан Сатыбалды 3 орын алса, Адай Әзімхан, Асқар Мұқият 2 орынға ие болды. Олжас Сұрағанов 1 орын иегері атанды. Бас жүлдені елордалық Дәуренбек Слямғали қанжығасына байлады.
“Атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішев: “Ақан сері, Біржан салдарды құрметтемеген адамдарды қазақ деп түсінудің өзі қиын”, – депті. Өте орынды айтылған сөз. Қазақ әнінің атасы – Біржан болса, оның сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл сол асыл тұлғадай шабыт самғауына көтерілді. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырады. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады”, – деді бас жүлде иегері Дәуренбек Слямғали.
Байқауға төрелік еткен қазылар алқасының мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаты және “Ақан серінің 180 жылдығы” мерейтойлық төсбелгісі берілді.
Гала-концерттің көрігін Ақан сері атындағы І республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы, Павлодар облысынан ат терлетіп келген Шұнан Жайдар қыздырды.
Жұртшылық жүлде алған әншілер мен байқауға қазылық еткен мәдениет майталмандары шырқаған туындыларды жылы қабылдады.
Қарағанды облысынан келген жас әнші Фарида Сауытхан Ақан серіге арнаған өлеңін оқып, кештің шырайын кіргізе түсті.
Жобаны ұйымдастырған Біржан Есжан Ақан сері атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауы екі жылда бір рет ұйымдастырылатынын жеткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Cуреттерді түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.