«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ӘН ЖӘРМЕҢКЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Артында өшпес із қалдырған еліміздің ардақты әншісі, сал-серілердің падишасы, Арқа ән мектебінің ірі өкілі Ақан серінің 180 жылдығына арналып өткізілген республикалық дәстүрлі әншілер байқауы қорытындыланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 43 әнші қатысып, екі күн бойы Қызылжар аспанын думанға бөлеп, ән жәрмеңкесінің көркін қыздырған үздіктер талғамы биік жұртшылықтың көзайымына айналды.

Байқаудың қорытындысы шыға­рыл­ған гала-концертте осынау игі шараның басы-қасында жүрген дәс­түрлі әнші, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Біржан Есжанның құрастыруымен баспа бетін көрген “Майдақоңыр” деп аталатын кітап­тың тұсауы кесілді. Туынды “Той тойға ұласып”, “Ақан турасын­да”, “Ән-мұра”, “Арнау өлеңдер” де­ген төрт бөлімнен құралған.  Кітапқа Қазақстанның Халық әртісі, профес­сор Қайрат Байбосынов, мәдениет қайраткері, өнертану ғылым­дары­ның докторы Саида Еламанова, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Рамазан Стамғазы пікір жазса, нотаға мәдениет саласының үздігі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Қай­рат Айтбаев түсіріпті. Аталмыш жинақ Алматы қаласындағы “Үш қиян” баспасында басылған.

– Ақан сері – Қызылжардың ғана емес, қазақтың мақтанышы. Ән пади­шасының артына қалдырған мол мұ­расын насихаттау бәріміздің мін­детіміз. Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Оған қатысқан өнерпаздар Ақан серінің әндерін әуелете шырқап, жүректерге жеткізе білді. Біздің көздегеніміз де осы болатын. Ардақты тұлғаның асыл мұралары әр қазақтың сүйіп тыңдайтын туын­дысына айналуы керек, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ержан Құлымбетов.

Шарада қазылар алқасының тө­рағасы Ербол Айтбаев сөз алып, байқауға қатысушыларды бағалау оңайға соқпағанын жеткізді. Жүзден жүйрік шыққандарға жүлделі орындар, арнайы сыйлықтар табысталды.

Дамир Рахимбердиев, Алдияр Ықылас, Фархад Жәкіш, Ерасыл Алпысбай Алғыс хатпен, Аружан Са­ғындық, Гүлназ Қыздарбекова, Ерхуланбек Ерханат арнайы дипломмен марапатталса, Өмірзақ Шеш­ханұлы Молдахмет Тырбиұлы атын­дағы, Байбақты Ідірбай Мұса Асайынов атындағы, Таңат Мұқашев Игібай Әлібаев атындағы, Сандуғаш Мұхамбет Кәкімбек Салықов атын­дағы арнайы жүлделерді иеленді. Қаб­дел Қастер, Мирлан Жамбылов, Мағжан Сатыбалды 3 орын алса, Адай Әзімхан, Асқар Мұқият 2 орынға ие болды. Олжас Сұрағанов 1 орын иегері атанды. Бас жүлдені елордалық Дәуренбек Слямғали қанжығасына байлады.

 “Атақты ғалым Тұрсынбек Кәкі­шев: “Ақан сері, Біржан салдарды құрметтемеген адамдарды қазақ деп түсінудің өзі қиын”, – депті. Өте орын­ды айтылған сөз.  Қазақ әнінің атасы – Біржан болса, оның сырлы дүние­сін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл сол асыл тұлғадай шабыт сам­ғауы­на көтерілді. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырады. Оның әуен-саздары бір­де асқақ, бірде ойлы, бірде ой­нақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады”, – деді бас жүлде иегері Дәуренбек Слямғали.

Байқауға төрелік еткен қазылар алқасының мүшелеріне облыс әкімі­нің Алғыс хаты және “Ақан серінің 180 жылдығы” мерейтойлық төсбелгісі берілді.

Гала-концерттің көрігін Ақан сері атындағы І республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы, Павлодар облысынан ат терлетіп келген Шұнан Жайдар қыздырды.

Жұртшылық жүлде алған әншілер мен байқауға қазылық еткен мәдениет майталмандары шырқаған туындыларды жылы қабылдады.

Қарағанды облысынан келген жас әнші Фарида Сауытхан Ақан серіге арнаған өлеңін оқып, кештің шырайын кіргізе түсті.

Жобаны ұйымдастырған Біржан Есжан Ақан сері атындағы респуб­ликалық дәстүрлі әншілер байқауы екі жылда бір рет ұйымдастырылатынын жеткізді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Cуреттерді түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp