«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Келісімді сақтау – ортақ мақсат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бейбітшілік және келісім жолымен” атты экспедициясы өңірімізге келді. Достық үйінде экспедиция мүшелері мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері “дөңгелек үстел” басына жиналды.  Жиында жаңа Қазақстанды дамыту және этносаралық жанжалдардың алдын алу сияқты мәселелер талқыланды.

Бірнеше жылдан бері елімізде “Бейбітшілік және келісім жолымен” республикалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту, қазақстандықтардың саяси-құқықтық мәдениетін дамыту, халықтың мәдени мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі мәселелерді талқылау. Экспедиция құрамында медиаторлар, заңгерлер, мұғалімдер және басқа да сарапшылар бар.  Маңызды мәселелерді  шешуге үлес қосуы тиіс экспедиция жұмысын оңтүстік өңірде бастап, енді теріскейге ойысты.

Жиында облыстағы этномәдени орталықтар, түрлі қоғамдық ұйымдардың белсенділері және қала тұрғындары жоғарыда аталған мәселелер жайында ойларын айтып, пікір алмасты.  

– Шара барысында этносаралық жанжалдардың алдын алу, қоғамдық келісімді нығайту жолдары, медиация, этномәдени бірлестіктердің міндеті жайында түйінді мәселелер талқыланды. Әсіресе этномәдени бірлестіктердің арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуге баса назар аударылып отыр, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бағдат Мұқанова.

“Ахыска” түрік этномәдени орталығының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Аскер Пириевтің айтуынша, қазақстандық бірегейлік, келісім және бейбітшіліктің үлгісін дәріптеп, насихаттау аса маңызды. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы  жоспарланған жұмыстарды жүйелі атқарып келеді. Бұның барлығы мемлекет тарапынан қолдауға ие.  Сондықтан билік пен қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі – келісім мен бейбітшілік.

Алдағы күндері “Бейбітшілік және келісім жолымен” экспедициясының мүшелері Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына барып, кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp