«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заманауи жылыжай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде алғашқы инновациялық жылыжай салу жобасы қолға алынды. Аталған жылыжай то­лық іске қосылғанда өңірдің қияр мен қызанаққа деген қажеттілігінің үштен бірі өтеледі.

Кешеннің жалпы ауданы – 3,7 га, өсіру алаңы – 3,2 га. Жылы­жайда екі бөлімше бар. Қазір оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Екінші­сіне көшеттерді отырғызуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

“Зеленый Север” ЖШС-ның ди­рек­торы Екатерина Асаеноктың айтуынша, бөлімшеде 34 мың қияр көшеті бар. Алғашқы өнімді желтоқ­сан айының ортасында алуды көз­деп отыр. Жылыжайда өсірілген қиярлар наурыз айына дейін өнім береді. Одан кейін жаңа көшеттер отырғызылады.

– Жылыжайдағы микроклимат бірнеше жүйе бойынша қамтама­сыз етіледі. Мысалы, өсімдіктер жайлы өсуі үшін ылғалдылық пара­метрлері орнатылған. Бұған булан­дыру жүйесі арқылы қол жеткізіп отырмыз. Су қысыммен микротүтікшелер арқылы жеткізіліп, буға ай­налады. Агроном өсімдіктерге қажет жарық параметрлерін орнатты. Жылы­жайда күндізгі сәуле жеткі­ліксіз болса, шамдар автоматты түрде қосылады. Егер жарық жеткілікті болса, шамдар сөнеді. Күн сәулесі артық болған кезде экрандар жабылып, көлеңке пайда болады, – дейді Екатерина Асаенок.

Сонымен қатар жылыжайда автоматты жылыту тізбегі де жұ­мыс істейді. Егер ауа температурасы көтерілсе, онда олар сөнеді немесе терезелер ашылады.

Әзірге жылыжайда тек қияр өсіріледі. Тұқым Голландиядан арнайы әкелінген. Мамандар нарық­ты алдын ала талдап, климаттың өзгеруіне және ауруларға төзімді жоғары өнім беретін ең танымал сорттарды таңдаған. Келесі жылы қызанақ өсірілмек.

Жылыжай кешені іске қосыл­ғанда 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлі де білікті көкөніс өсірушілер қажет. Сондықтан кәсіпорын қызмет­керлерді қабылдауға дайын.

Екі жылға созылған жылыжай­дың құрылысына 7,2 млрд. теңге жұмсалған. Оның ішінде 5,8 млрд. тең­гесін “Солтүстік” ӘКК” АҚ арқылы жыл­дық 4 пайыздық мөлшерлеме бо­йынша 8 жылға алған.

– Тиісті субсидиялар алуды жос­парлап отырмыз. Бұл – үлкен көмек, – дейді “Зеленый Север” ЖШС-ның ди­ректоры Екатерина Асаенок.

“Солтүстік” ӘКК” АҚ кредиттеу және жобаларды басқару департа­ментінің басшысы Олжас Сағанды­қов кредиттік процесті және жоба­ларды конкурстық іріктеуді ұйымдас­тыру бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті. Кредит беру туралы шешім қа­былдағанға дейін кредит алушы­ның оны уақытылы және толық көлемде қайтару және сыйақы төлеу қабілеті бағаланады. Қарыз алушының мін­деттемелерді уақытылы және толық орындауын қамтамасыз ету қарыз берудің міндетті шарты болып табы­лады. Конкурсқа қатысатын кәсіп­керлік субъектілеріне біліктілік та­лаптары да қойылады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp