Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің құрылғанына биыл – 9 жыл. Ұйымға 500-ден астам нәзік жан мүшелік етеді. Олар “дөңгелек үстел” басына жиналып, биыл атқарған жұмыстарын қорытындылады, алдағы жылға жоспар құрды.
– Біздің жұмысымыз жасөспірімдермен, жас балалармен, ата-аналармен тығыз байланысты. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуді міндетіміз ретінде санаймыз. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсінбеушілік мәселелерін реттеуге, отбасы институтын нығайтуға күш салудамыз”, – дейді Аналар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Саттарова.
Жиында қоғам жұмысына белсенді атсалысып жүрген бірқатар ана Алғыс хатқа ие болды. Солардың бірі – Дәния Кенжаева. Ол 7 баланың анасы. Тұңғышы 24 жаста болса, кенжесі 7-де. Көпбалалы ана бала тәрбиесіне де көңіл бөліп, кеңес жұмысына да үлгеріп жүр. “Мен бұл шарада аналардың отбасындағы рөлі тақырыбында сөз қозғадым”, – дейді ол.
Жиында бала тәрбиесі, ата-ана тәртібі, отбасындағы қарым-қатынас туралы айтылды. Отырысқа қатысқан аналар кеңеске қарасты 56 ұйымның жұмысын саралап, олардың еңбегіне оң баға берді.
Мәдина ҚАБИ.