«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атқарылған іс аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко өңірлік коммуникациялар қызметінде есеп беріп, өткен он айда атқарылған жұмысты қорытындылады.

“Аудан дамуының негізгі көрсет­кіші – инвестиция тарту және халық­тың табысын ұлғайту. Биыл аудан экономикасына 14 млрд. 428,5 млн. теңге инвестиция құйылды, бұл 2020 жылғы деңгейден 1,13 есе жоғары”, – деді Елена Степаненко.

Үстіміздегі жылы мамлюттіктер ауыл шаруашылығы саласында 37,9 млрд. теңгенің өнімін шығарған, бұл 2022 жылдың осы аралығымен салыстырғанда 91,7 пайызға артық. Күзде диқандар бидайдың әр гек­тарынан 17,2 центнерден өнім алып, 232,2 мың тонна дәнді және 33,6 мың тонна майлы дақыл қам­баға құйыл­ған. 5,2 млрд. теңгеге 182 ауыл ша­руашылығы техникасы са­тылып алы­ныпты.

“Калугино ауылындағы “Әйтеке би” жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінде 612 басқа арналған тауар­лы-сүт фермасының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта фермаға 429 сиыр әкелінді. Қалған 183 бас мал желтоқсан айында жеткізілмек. “Қызыләскер” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінде 400 сиырға ар­налған сүт фермасының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд. теңге.

“Белое-Агро” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінде жартылай да­йын өнім цехын ашу, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының “Ахи­товка” базасында – сүтті қайта өңдеу бойынша шағын зауыт ашу жоспар­ланған. Агро­өнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу жөніндегі бағ­дарлама аясында 2024 жылы ин­вестициялық жоба жүзеге аспақ. “Тұмар” фермерлік қожалығы жалпы ауданы 51 гектар болатын суару жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр”, – дейді аудан басшысы.

Жыл басынан бері аудандық жә­не облыстық деңгейде 42 жәрмеңке өткізіліп, мамлюттіктер 44,6 млн., сондай-ақ, Астана қаласында 24,8 млн. теңгенің өнімін саудалаған. Қа­зір ауданда 974 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Осы жылдың 10 айында бөлшек сауда айналымының көлемі 4,4 млрд. тең­геге жеткен.

Бұдан басқа ауданда бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қай­тару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда мемлекет меншігіне өткен алқаптың жалпы ауданы 6,8 мың гектар. Бұл жер ауылдық округтер тұрғындарының пайдалануына жеке малын бағу үшін жайылым ретінде берілуде.

Елена Степаненко жолдарды жөндеу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. “Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске қосылған сәттен бастап, ауданда 185 километр жол жөндел­ді. Биыл жол жөндеуге 454,2 млн. теңге бөлінді. Оған Қызыласкер – Раздольное, Белое – Щучье аудан­дық маңыздағы жолдары жөнге келтірілді. Келер жылы Бике, Белое, Покровка ауылдарына кіретін жол­дарды жөндеуді, Прогресс жағынан Мамлютка қаласына кіреберісті күр­делі жөндеуді жоспарлап отырмыз, қажетті құжаттары дайын”, – дейді Елена Степаненко.

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 6 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін салу бойынша жобалар іске асырылуда. 5 ауылда (Воскре­сеновка ауылы, Краснознаменное ауылы, Михайловка ауылы, Афонь­кино ауылы, Токаревка ауылы) және Мамлютка қаласында сумен жаб­дықтау жүйесін салуға жобалау-сметалық құжат әзірленді.

Биыл Мамлют ауданына “Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері” ұлттық жобасы аясында 42 отбасы қоныс аударған. Оларға әлеуметтік төлемдер берілді.

“Ауылдық жерлерде тірек мек­тептердің әлеуетін дамыту” жобасын іске асыру аясында “Қазақстан халқына” қайырымдылық қорынан №1 Мамлют мектеп-гимназиясына жөндеу жұмысын жүргі­зуге 250 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні Дубровная және Покровка мек­тептерін күрделі жөндеу үшін жо­балау-сметалық құ­жаттамаға түзету енгізілді. Сондай-ақ 2024 жылға ауданның 4 мектебін жаңғырту және ауданның барлық мектептеріндегі асханаларды жөнге келтіру жоспар­лануда”, – деді аудан әкімі.

Денсаулық сақтау саласына келсек материалдық-техникалық ба­заны жаңғыртуға биыл 23 млн. теңге жұмсалған. Ауданға 7 дәрігер қажет. Келер жылы Новомихайловка және Покровка ауылдарында 2 ФАП, сондай-ақ, Бостандық және Бексейіт ауылдарында медициналық пункт­ салу көзделуде.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp