Өндірістің негізгі тірегі – білікті маман. Тәжірибесі мол, мамандығының қыр-сырына қаныққан жандар бар жерде жұмыс әрқашанда берекелі. Петропавл ауыр машина жасау зауытында да тәжірибелі мамандар мектебі қалыптасқан десек болады. Сол мектепте маман ретінде біліктілігін арттырып, тәжірибе жинаған Бағдат Жәнімбетов қазір өзінен кейінгілерге бар білгенін үйретіп жүр.
Бағдат Мұхамеджанұлы – Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі. Оқу орнын 1986 жылы тамамдаған ол елге оралған соң алған білімін өндіріс басында сынады.
– Жас маман ретінде өндіріске келгеннен бері 37 жыл өте шығыпты. Зауытта жұмыс істеген жылдары түрлі сәттерді бастан өткердік. Мен бұл зауытты “екінші үйім” деймін. Таңдаған кәсібім де, ұжымым да абыройымды асқақтатып, алға жетеледі. Бір кездері аға буын маған қалай көмектессе, мен де жастарға бағыт сілтеп, көрген-түйгенімді айтудан жалықпаймын, – дейді Бағдат Жәнімбетов.
Ғұмырының жартысын өндіріске арнаған ол Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы еңбек жолын жетекші маман ретінде бастаған. Ал бүгінде №2 дайындау цехы бастығының орынбасары. Зауыттың тоқтаусыз өнім өндіріп, табысқа жетуіне үлесін қосып жүрген кейіпкеріміз – нағыз еңбек адамына тән абырой иесі.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.