Өңірімізде алғашқы инновациялық жылыжай салу жобасы қолға алынды. Аталған жылыжай толық іске қосылғанда өңірдің қияр мен қызанаққа деген қажеттілігінің үштен бірі өтеледі.
Кешеннің жалпы ауданы – 3,7 га, өсіру алаңы – 3,2 га. Жылыжайда екі бөлімше бар. Қазір оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Екіншісіне көшеттерді отырғызуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
“Зеленый Север” ЖШС-ның директоры Екатерина Асаеноктың айтуынша, бөлімшеде 34 мың қияр көшеті бар. Алғашқы өнімді желтоқсан айының ортасында алуды көздеп отыр. Жылыжайда өсірілген қиярлар наурыз айына дейін өнім береді. Одан кейін жаңа көшеттер отырғызылады.
– Жылыжайдағы микроклимат бірнеше жүйе бойынша қамтамасыз етіледі. Мысалы, өсімдіктер жайлы өсуі үшін ылғалдылық параметрлері орнатылған. Бұған буландыру жүйесі арқылы қол жеткізіп отырмыз. Су қысыммен микротүтікшелер арқылы жеткізіліп, буға айналады. Агроном өсімдіктерге қажет жарық параметрлерін орнатты. Жылыжайда күндізгі сәуле жеткіліксіз болса, шамдар автоматты түрде қосылады. Егер жарық жеткілікті болса, шамдар сөнеді. Күн сәулесі артық болған кезде экрандар жабылып, көлеңке пайда болады, – дейді Екатерина Асаенок.
Сонымен қатар жылыжайда автоматты жылыту тізбегі де жұмыс істейді. Егер ауа температурасы көтерілсе, онда олар сөнеді немесе терезелер ашылады.
Әзірге жылыжайда тек қияр өсіріледі. Тұқым Голландиядан арнайы әкелінген. Мамандар нарықты алдын ала талдап, климаттың өзгеруіне және ауруларға төзімді жоғары өнім беретін ең танымал сорттарды таңдаған. Келесі жылы қызанақ өсірілмек.
Жылыжай кешені іске қосылғанда 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлі де білікті көкөніс өсірушілер қажет. Сондықтан кәсіпорын қызметкерлерді қабылдауға дайын.
Екі жылға созылған жылыжайдың құрылысына 7,2 млрд. теңге жұмсалған. Оның ішінде 5,8 млрд. теңгесін “Солтүстік” ӘКК” АҚ арқылы жылдық 4 пайыздық мөлшерлеме бойынша 8 жылға алған.
– Тиісті субсидиялар алуды жоспарлап отырмыз. Бұл – үлкен көмек, – дейді “Зеленый Север” ЖШС-ның директоры Екатерина Асаенок.
“Солтүстік” ӘКК” АҚ кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің басшысы Олжас Сағандықов кредиттік процесті және жобаларды конкурстық іріктеуді ұйымдастыру бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті. Кредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін кредит алушының оны уақытылы және толық көлемде қайтару және сыйақы төлеу қабілеті бағаланады. Қарыз алушының міндеттемелерді уақытылы және толық орындауын қамтамасыз ету қарыз берудің міндетті шарты болып табылады. Конкурсқа қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне біліктілік талаптары да қойылады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.