Португалияның Албуфейра қаласында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде отандық спортшылар 5 алтын, 5 күміс және 12 қола медаль олжалады. Ұлттық құрама сапында екі солтүстікқазақстандық кикбоксшы күміс жүлдегер атанды.
Португалиядағы әлем біріншілігіне 70 елден 600-ге жуық спортшы қатысты. Кикбоксшылар фулл-контакт, лоу-кик, кик-лайт және К-1 бағыттары бойынша сынға түсті. Ұлттық құрама сапында солтүстікқазақстандық Данияр Жарасов, Аслан Асылбеков және Нұрсұлтан Жақыпов ел намысын қорғады.
Данияр Жарасов фулл-контакт бағыты бойынша 54 килограмм салмақта күміс медаль еншіледі. Жерлесіміз үш кездесу өткізіп, тек финалдық жекпе-жекте ғана ландиялық қарсыласына есе жіберді.
Ал Аслан Асылбеков фулл-контакт бағыты бойынша сынға түсіп, 57 килограмм салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында екінші орынға ие болды. Ол төрт жекпе-жекке қатысты. Алдымен ол Болгария елінің өкілін жеңіп, кейін Испания және Әзірбайжан құрамаларының мүшелерінен ұпай санымен басым түсті. Ақтық сында 2:1 есебімен түркиялық қарсыласына жол берді. Нұрсұлтан Жақыпов ширек финалда сүрінді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.