«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТ – ЕУРАЗИЯДАҒЫ БАСТЫ АГРАРЛЫҚ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз – аграрлық елміз. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді еселеп арттыруға қуаты да, мүмкіншілігі де жеткілікті. Бұл саланы дамыту ел экономикасының нығаюына, ұлттық табыстың, жалпы ішкі өнімнің, тұрғындарды жұмыспен қамтудың, тағы да басқа көрсеткіштердің артуына тікелей әсер етеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақ­стан­ның экономикалық бағдары” атты Қа­зақстан халқына Жолдауында: “Ал­дымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп ке­шенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы сала­сының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де то­лық пайдаланбай отырмыз”, – деді.

Шынында да, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, мал шаруашылығын дамы­туға көңіл бөлу – күн тәртібінде тұр­ған мәселелер. Ерен еңбек, маңдай терді қажет ететін бұл саланы да­мытсақ, мықты өнеркәсіп қалыптас­тырып, өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатын жағдайға же­теміз. Қазіргі таңда әр мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Осы ретте импорттың емес, отандық өнімнің үлесін арттыру үшін ауыл шаруашы­лығы саласы үздіксіз дамып отыруы керек.

Бұл мақсатқа қол жеткізу оңай ша­руа емес. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Бұл қолдау жер-жерде жүйелі түрде жүзеге асырылуы жергілікті биліктің жұмысына байланысты. Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалар­ды жүзеге асыру үшін ауыл еңбек­керлерін қолдап, егін, мал шаруа­шылығы сала­лары бойынша жұмыстарға тиянақты көңіл бөліп отырмыз. Ауданда ауыл шаруашылығы сала­сы қалыпты дең­гейде дамып келе жатыр. Әсіресе ауыл адамдары мал басын көбейту­ге ынталы. Яғни ата кәсіп ешқашан ұмытылмақ емес. Биылғы орақ нау­қаны диқандар үшін оңай болмағаны белгілі. Ыс­тық жаз және күзгі жауын-шашын егіннің сапа­сына әсер етпей қой­мады.

Ауданның егіс алқабы – 384,3 мың гектар. Жаздық егіс 363,3 мың гектар алқапта жүргізілді. Дәнді және бұр­шақты дақылдар 300,5 мың гектар болса, оның көп бөлігі – би­дай, арпа, сұлы, бұршақ, жасымық, қарақұмық. Майлы дақылдар­дың алқабы – 43,1 мың гектар. Де­генмен биыл майлы дақылдар алқа­бы жылдағы жоспардан аздау бол­ды. Әдеттегідей күнбағыс, зығыр, рапс, соя, астық қоспасы өсірілді. Көкөністер мен картоп өсіруге 1,86 мың гектар бөлінді. Бір жылдық және көпжылдық шөптер 16,6 мың гектар жерге егілді. Осы бір маңызды нау­қан кезінде ауданда 320 комбайн жұ­мыс істеді. Тыңайтқыштар мен хи­миялық өңдеу уақытылы жүргізілді. Ау­данның 78 шаруа қожалығы литріне 250 теңгеден арзандатылған дизель отынын сатып алды. Сонымен қатар 24 астық кептіргіш жұмыс істеді.

Президентіміз: “Қазақстанның ай­наласында өнім өткізетін өте үл­кен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақ­станның стратегиялық мақсаты – Еу­разия құрлығындағы басты аграр­лық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз бол­майды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өң­деуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет”, – деген нақты міндет қойған бола­тын. Ауданымыздың ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында 600 млн. тең­геден астам сомаға қолдау көр­сетілді.

Қазіргі таңда ауданда 88 шаруа­шылық мал өсіріп отыр. Соңғы екі жылда 3 жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қо­сылды. Соның нәтижесінде сүт өнді­рісі де артты. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айла­рында 8699 тонна ет, 23629,3 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Жалпы ауданымызда мал ша­руашылығы жыл сайын өркендеп, алға басып келеді. Бұған өңірдің шұ­райлы жайылымы мен мал өсіруге қолайлы салқын климаты да әсер ететіні шындық. Оның ішінде малды асылдандыруға көп көңіл бөлініп отыр. Себебі асыл тұқымды түлік өсі­ру арқылы мал өнімдерінің көлемін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған қоса шетелдерге экспорттаудан пайда табу көзделген. Осы ретте ауданда асыл тұқымды ірі қа­ра сатып алушылар саны артып ке­леді. “Әдемі астық” ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасы – 66, “Арна” фер­мерлік шаруашылығы 158 басқа то­лықты. Сатып алынған асыл тұқым­ды ірі қара төлдеген кезде жұмыстың тиімділігі артты. Нәтижелер көңіл көншіткенімен, даму үшін сүт және ет өнімдерін өндіруге, мал басын көбейтуге басымдық беру керек.

Ірі қараның санын арттырумен қатар, ұсақ малдың да өрісін ке­ңейтуге назар аударылған. Мәсе­лен, үстіміздегі жылы “Айыртау групп” серіктестігі гэмпшир тұқымының 1000 басын сатып алды. Жалпы ау­данда 40,6 мың ірі қара, 47,6 мың қой мен ешкі, 17,3 мың жылқы, 17,7 мың шошқа, 296,8 құс бар.

Жердің тапшылығы ауыл шаруа­шылығының дамуын тежейді. Жайы­лым мақсатты пайдаланбай отырған жер иелену­шілерге жер заңнамасының талап­та­рын бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылып жа­тыр. Соңғы екі жыл­да облысымыздың жер ресурстарын басқару депар­та­менті ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге жайылымдарды мақсатты пайдала­ну бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Осы жұмыстың нәтижесін­де мақса­тына сай пайдаланылмайтын жайы­лымдар тәркіленді.

Қазір пайдаланылмайтын жерлерді алу рәсімі жалғасуда. Құқық бұзушылықтар анықталған ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілерге жүргізілген тексерулердің нәтижесінде жалпы сомасы 17866 мың теңгеге 20 еселенген мөлшерде са­лық есептелді.

Биыл ауылдық жерлерде кә­сіп­керлікті дамытуды жандандыруға арналған “Ауыл аманаты” мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру бас­талды. Оның ішінде “Аграрлық кредиттік корпорация” арқылы жастар­ға 2,5 пайызбен кредит беру көз­делген. Біздің ауданда осы бағдарламаға қа­тысуға ниет білдірушілер көп. Жал­пы сомасы 252 млн. теңгеге 34 өтінім берілді. Олардың барлығы мақұлдан­ған. Оның ішінде мал ша­руашы­лығын дамытуға – 25, ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алуға – 5, демалыс аймағын кеңейтуге – 2 және саудаға арналған жаб­дық­тарды сатып алуға екі өтінім түсті.

Жастар арасында кәсіпкерлік әлеуетті қолдау үшін облыстық ко­миссия әрбір қарыз алушыға 5 млн. теңгеден 12 жобаны мақұлдады. Бұл қаражат ірі қара және ұсақ мал мен жылқы сатып алуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы – азаматта­рымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты са­лаларының бірі. Осы салада еңбек етіп жүргендердің тынымсыз жұмы­сының арқасында отандық аграрлық сектор дамып келеді. Ел үшін ма­ңызды сала тұрақты дамыса, ке­ле­шегі кемел, қайтарымы зор, ха­лықтың ахуалын жақсартып, жақсы­лыққа жетелеп, тұрмысын түзетуге апаратын сара жол екені айдан анық.

Алтынбек МАҒЫМОВ,

Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp