2016 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан заман талабына сай жаңа форматтағы білім беру ортасын құру мақсатында “Foundation” факультеті ашылған болатын. Факультетте білім алып жатқан ұлты қазақ шетел азаматтарының 9 ай ішінде ҰБТ-ға дайындалып, келесі жылы жоғары оқу орнына грантпен түсуге мүмкіндігі мол.
Жуырда білім ордасы қабырғасында факультеттің биылғы қабылданушыларына арналған мерекелік кеш өтті. Биыл факультетке Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан елдерінен 52 қазақ ұлтының азаматы қабылданған. Олардың 43-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, 9-ы ақылы негізде оқуда. Мерекелік шараға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, кітапханалардың мамандары сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік пен табыс тіледі.
“Foundation” оқытушылары үміткерлерді жаңа ортаға бейімдеу үшін оларды университетішілік, қалалық, облыстық мәдени-спорттық іс-шараларға жиі қатыстыруды көздеуде. Бүгінде мамандар “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен, “Отандастар” қорымен ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.