Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко өңірлік коммуникациялар қызметінде есеп беріп, өткен он айда атқарылған жұмысты қорытындылады.
“Аудан дамуының негізгі көрсеткіші – инвестиция тарту және халықтың табысын ұлғайту. Биыл аудан экономикасына 14 млрд. 428,5 млн. теңге инвестиция құйылды, бұл 2020 жылғы деңгейден 1,13 есе жоғары”, – деді Елена Степаненко.
Үстіміздегі жылы мамлюттіктер ауыл шаруашылығы саласында 37,9 млрд. теңгенің өнімін шығарған, бұл 2022 жылдың осы аралығымен салыстырғанда 91,7 пайызға артық. Күзде диқандар бидайдың әр гектарынан 17,2 центнерден өнім алып, 232,2 мың тонна дәнді және 33,6 мың тонна майлы дақыл қамбаға құйылған. 5,2 млрд. теңгеге 182 ауыл шаруашылығы техникасы сатылып алыныпты.
“Калугино ауылындағы “Әйтеке би” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 612 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта фермаға 429 сиыр әкелінді. Қалған 183 бас мал желтоқсан айында жеткізілмек. “Қызыләскер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 400 сиырға арналған сүт фермасының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд. теңге.
“Белое-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жартылай дайын өнім цехын ашу, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының “Ахитовка” базасында – сүтті қайта өңдеу бойынша шағын зауыт ашу жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу жөніндегі бағдарлама аясында 2024 жылы инвестициялық жоба жүзеге аспақ. “Тұмар” фермерлік қожалығы жалпы ауданы 51 гектар болатын суару жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр”, – дейді аудан басшысы.
Жыл басынан бері аудандық және облыстық деңгейде 42 жәрмеңке өткізіліп, мамлюттіктер 44,6 млн., сондай-ақ, Астана қаласында 24,8 млн. теңгенің өнімін саудалаған. Қазір ауданда 974 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Осы жылдың 10 айында бөлшек сауда айналымының көлемі 4,4 млрд. теңгеге жеткен.
Бұдан басқа ауданда бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда мемлекет меншігіне өткен алқаптың жалпы ауданы 6,8 мың гектар. Бұл жер ауылдық округтер тұрғындарының пайдалануына жеке малын бағу үшін жайылым ретінде берілуде.
Елена Степаненко жолдарды жөндеу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. “Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске қосылған сәттен бастап, ауданда 185 километр жол жөнделді. Биыл жол жөндеуге 454,2 млн. теңге бөлінді. Оған Қызыласкер – Раздольное, Белое – Щучье аудандық маңыздағы жолдары жөнге келтірілді. Келер жылы Бике, Белое, Покровка ауылдарына кіретін жолдарды жөндеуді, Прогресс жағынан Мамлютка қаласына кіреберісті күрделі жөндеуді жоспарлап отырмыз, қажетті құжаттары дайын”, – дейді Елена Степаненко.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 6 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін салу бойынша жобалар іске асырылуда. 5 ауылда (Воскресеновка ауылы, Краснознаменное ауылы, Михайловка ауылы, Афонькино ауылы, Токаревка ауылы) және Мамлютка қаласында сумен жабдықтау жүйесін салуға жобалау-сметалық құжат әзірленді.
Биыл Мамлют ауданына “Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері” ұлттық жобасы аясында 42 отбасы қоныс аударған. Оларға әлеуметтік төлемдер берілді.
“Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасын іске асыру аясында “Қазақстан халқына” қайырымдылық қорынан №1 Мамлют мектеп-гимназиясына жөндеу жұмысын жүргізуге 250 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні Дубровная және Покровка мектептерін күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді. Сондай-ақ 2024 жылға ауданның 4 мектебін жаңғырту және ауданның барлық мектептеріндегі асханаларды жөнге келтіру жоспарлануда”, – деді аудан әкімі.
Денсаулық сақтау саласына келсек материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға биыл 23 млн. теңге жұмсалған. Ауданға 7 дәрігер қажет. Келер жылы Новомихайловка және Покровка ауылдарында 2 ФАП, сондай-ақ, Бостандық және Бексейіт ауылдарында медициналық пункт салу көзделуде.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.