Біз – аграрлық елміз. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді еселеп арттыруға қуаты да, мүмкіншілігі де жеткілікті. Бұл саланы дамыту ел экономикасының нығаюына, ұлттық табыстың, жалпы ішкі өнімнің, тұрғындарды жұмыспен қамтудың, тағы да басқа көрсеткіштердің артуына тікелей әсер етеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз”, – деді.
Шынында да, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу – күн тәртібінде тұрған мәселелер. Ерен еңбек, маңдай терді қажет ететін бұл саланы дамытсақ, мықты өнеркәсіп қалыптастырып, өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетеміз. Қазіргі таңда әр мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Осы ретте импорттың емес, отандық өнімнің үлесін арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласы үздіксіз дамып отыруы керек.
Бұл мақсатқа қол жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Бұл қолдау жер-жерде жүйелі түрде жүзеге асырылуы жергілікті биліктің жұмысына байланысты. Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін ауыл еңбеккерлерін қолдап, егін, мал шаруашылығы салалары бойынша жұмыстарға тиянақты көңіл бөліп отырмыз. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы қалыпты деңгейде дамып келе жатыр. Әсіресе ауыл адамдары мал басын көбейтуге ынталы. Яғни ата кәсіп ешқашан ұмытылмақ емес. Биылғы орақ науқаны диқандар үшін оңай болмағаны белгілі. Ыстық жаз және күзгі жауын-шашын егіннің сапасына әсер етпей қоймады.
Ауданның егіс алқабы – 384,3 мың гектар. Жаздық егіс 363,3 мың гектар алқапта жүргізілді. Дәнді және бұршақты дақылдар 300,5 мың гектар болса, оның көп бөлігі – бидай, арпа, сұлы, бұршақ, жасымық, қарақұмық. Майлы дақылдардың алқабы – 43,1 мың гектар. Дегенмен биыл майлы дақылдар алқабы жылдағы жоспардан аздау болды. Әдеттегідей күнбағыс, зығыр, рапс, соя, астық қоспасы өсірілді. Көкөністер мен картоп өсіруге 1,86 мың гектар бөлінді. Бір жылдық және көпжылдық шөптер 16,6 мың гектар жерге егілді. Осы бір маңызды науқан кезінде ауданда 320 комбайн жұмыс істеді. Тыңайтқыштар мен химиялық өңдеу уақытылы жүргізілді. Ауданның 78 шаруа қожалығы литріне 250 теңгеден арзандатылған дизель отынын сатып алды. Сонымен қатар 24 астық кептіргіш жұмыс істеді.
Президентіміз: “Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет”, – деген нақты міндет қойған болатын. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында 600 млн. теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілді.
Қазіргі таңда ауданда 88 шаруашылық мал өсіріп отыр. Соңғы екі жылда 3 жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Соның нәтижесінде сүт өндірісі де артты. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айларында 8699 тонна ет, 23629,3 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Жалпы ауданымызда мал шаруашылығы жыл сайын өркендеп, алға басып келеді. Бұған өңірдің шұрайлы жайылымы мен мал өсіруге қолайлы салқын климаты да әсер ететіні шындық. Оның ішінде малды асылдандыруға көп көңіл бөлініп отыр. Себебі асыл тұқымды түлік өсіру арқылы мал өнімдерінің көлемін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған қоса шетелдерге экспорттаудан пайда табу көзделген. Осы ретте ауданда асыл тұқымды ірі қара сатып алушылар саны артып келеді. “Әдемі астық” ЖШС-ның тауарлы-сүт фермасы – 66, “Арна” фермерлік шаруашылығы 158 басқа толықты. Сатып алынған асыл тұқымды ірі қара төлдеген кезде жұмыстың тиімділігі артты. Нәтижелер көңіл көншіткенімен, даму үшін сүт және ет өнімдерін өндіруге, мал басын көбейтуге басымдық беру керек.
Ірі қараның санын арттырумен қатар, ұсақ малдың да өрісін кеңейтуге назар аударылған. Мәселен, үстіміздегі жылы “Айыртау групп” серіктестігі гэмпшир тұқымының 1000 басын сатып алды. Жалпы ауданда 40,6 мың ірі қара, 47,6 мың қой мен ешкі, 17,3 мың жылқы, 17,7 мың шошқа, 296,8 құс бар.
Жердің тапшылығы ауыл шаруашылығының дамуын тежейді. Жайылым мақсатты пайдаланбай отырған жер иеленушілерге жер заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылып жатыр. Соңғы екі жылда облысымыздың жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылымдарды мақсатты пайдалану бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Осы жұмыстың нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмайтын жайылымдар тәркіленді.
Қазір пайдаланылмайтын жерлерді алу рәсімі жалғасуда. Құқық бұзушылықтар анықталған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүргізілген тексерулердің нәтижесінде жалпы сомасы 17866 мың теңгеге 20 еселенген мөлшерде салық есептелді.
Биыл ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды жандандыруға арналған “Ауыл аманаты” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталды. Оның ішінде “Аграрлық кредиттік корпорация” арқылы жастарға 2,5 пайызбен кредит беру көзделген. Біздің ауданда осы бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер көп. Жалпы сомасы 252 млн. теңгеге 34 өтінім берілді. Олардың барлығы мақұлданған. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға – 25, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға – 5, демалыс аймағын кеңейтуге – 2 және саудаға арналған жабдықтарды сатып алуға екі өтінім түсті.
Жастар арасында кәсіпкерлік әлеуетті қолдау үшін облыстық комиссия әрбір қарыз алушыға 5 млн. теңгеден 12 жобаны мақұлдады. Бұл қаражат ірі қара және ұсақ мал мен жылқы сатып алуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Осы салада еңбек етіп жүргендердің тынымсыз жұмысының арқасында отандық аграрлық сектор дамып келеді. Ел үшін маңызды сала тұрақты дамыса, келешегі кемел, қайтарымы зор, халықтың ахуалын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұрмысын түзетуге апаратын сара жол екені айдан анық.
Алтынбек МАҒЫМОВ,
Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы.