«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАСҚАН АҚҚУЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның қолы тимейтін жабайы табиғатта да түрлі ерекше жағдайлар орын алып жатады. Жанымыз табиғатқа неғұрлым жақынырақ болған сайын ондағы өзгерістерді, құбылыстарды соғұрлым ерте байқап, жақын тани түсеміз. Қоршаған ортадағы өзгерістерді байқап, өзін табиғаттың перзенті сезінген жан өзі де айналаға қамқорлықпен қарай бастайды. Олардың осы игі ісі  – өзгелерге үлгі.

Күн суытып, қыс тақаған уақытта да мейірбан жандар жабайы табиғатқа жайбарақат қарамай, ұшқан құстардың тізбегіне ілесе алмай қалған аққуларды құтқарып қалған. Бүгінде бұл 2 сұңқылдақ аққу облыс орталығындағы ботаникалық баққа орналастырылды. Олар бақтың тұрақты “тұрғындарына” айналғанына бір аптаға жуықтапты. Мамандар құстардың ұшпай қалып қоюына балапандардың кеш жұмыртқа жарып шығуы себеп болғанын айтады. Қарлы күні көлде жүрген адасқан құстарды ауыл тұрғындары байқап қалып, осында жеткізген. Қанаты қатпаған аққуларға енді бақ мамандары қамқорлық жасайды.

– Бізге аққуларды өте қамқор адамдар әкеледі. Мұз қата бастаған көлде аққу жүргенін көрсе, бірден осында жеткізеді. Осы ретте біз орман шарушылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандарына жүгіну қажеттігін де ескертіп жатамыз. Өйткені, олар – табиғатты қарайтын уәкілетті орган. Қандай да бір ерекше жағдайлар болмаса жабайы табиғаттың өміріне араласа беруге болмайды, – дейді бақ директоры Артур Рязапов.

Ботаникалық бақта бұдан бөлек тағы 4 аққу жүр. Қос сыбырлақ пен қос сұңқылдақ бұл жерге осыдан екі жыл бұрын жеткізіліпті.  Төртеуінің осында үйренісіп кеткені соншалық, бүгінде көптің көзайымына айналған. Қатарға бір апта бұрын қосылған құстарды мамандар қала сыртындағы жылы арнаға жібереді.

– Құстар жылы суда өз беттерімен тіршілік етеді. Арнаға су жылу электр орталығынан жіберіліп тұрғандықтан оның беті қатпайды. Құстарға қажетті қорек қоры бар. Қанаттылар жылы арнада көктем келгенге дейін жүреді, – дейді Қызылжар орман шаруашылығының аңтанушысы Дмитрий Бутенко.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp