«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өртенген өлеңдер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көңілге қилы ой салар кітап оқу – бала кезімнен қалыптасқан машықдағдыларымның бірі. Соңғы оқыған кітаптарымның бірі – “Өртенген өлеңдер”. Кітап авторы – белгілі баспагер, жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлы.

Жазушының бұл кітабына әр жылдарда жазылған әңгімелері, ел тағдырына арналған мақалалары, достары, замандастары жайлы естеліктері енгізілген. Ұлы Отан соғысында байтақ елінің бақыты, мейірбан халқының болашағы үшін кеудесін оққа тосқан асыл азамат, 70 жыл хабар-ошарсыз кеткен жас ақын Ілияс Құлымбетов жайлы “Өртенген өлеңдер” атты естелік-эссе – оқыған адамды бейжай қалдырмайтын жүрек тебірентерлік туынды.

Туынды кейіпкері – жазушы Жарылқасынның әкесі Нұсқабай Құлымбетовтің туған інісі, майданда мерт болған жас ақын Ілияс Құлымбетов.

1942 жыл. Маяқұм кеңшары үшін де аса ауыр болды. Елдегі ер-азамат түгел әскерге алынып, ауылдың шаруашылығын жүргізуге кемпір-шал, қатын-қалаш қалған кез, ауылдың сұрқы, адамның ырқы қашқан.

Кеңшар кеңсесінің төңірегі – жетім-жесір, кәрі-құртаң, сырқат жандардан аяқ алып жүргісіз. Еңкілдеп жылаған қария, еңіреп тамақ сұраған бала, кеңшар бастығының табалдырығын аңдиды, босағасын босатпайды.

Сол тұста броньмен әскерден қалып, кеңшардың бас есепшісінің міндетін атқарып жүрген Ілияс күніге кешке мүлдем титықтап, салы суға кетіп, үйіне әрең жетеді. Шаршататын жұмыс емес, қинайтыны аш-жалаңаш қалып, ұбап-шұбаған шиеттей бала мен дәрменсіз, қауқарсыз қариялардың күйі еді. Колхоз кеңсесіне бәрі де көмек сұрап, қолдарын жайып, үмітпен келеді. Ал колхоздың да қайбір шекесі қызып тұр дейсің. Өзі кімнен қайыр сұрарын білмей отырған кез. Сөйтсе де өзекжалғар ештемесі қалмаған отбасылардың кейбіріне бірер қадақтап дән, көже-қатық етсін деп болар-болмас тоң май беретін осы кеңшар. Тек тамақ қана емес, жағатын отын жоқ. Күн сайын қайталанып жатқан мұндай көрініске де еті өле бастаған кеңшар бастығы Тәтібай босағасында көлденең жатқан ауылдастарын әке-шешесінен боқтап, итше тепкілейтінді шығарады. Бұған шыдай алмаған ақынжанды, қызу қанды бас есепші Ілияс екінің бірінде араша түсіп, бастықпен сөзге де келіп қалады. Осындай бір сәтте бастық Ілиясты да боқтап, “Сенің не әкеңнің ақысы бар? Не істейтінімді сенен сұрамаймын!” – дейді ашуға мініп. Бұл қорлыққа төзе алмаған, өзі де әбден жүйкесі тозып, титықтап жүрген Ілияс шойындай ауыр орындығын ала салып жұрттың көзінше:

– Әй, шешесі қадірсіз Тәтібай! Мә, ендеше сенің сыбағаң! – деп қайқайтып тұрып соғып, бастықты жалпасынан түсіреді де, өзінің алдында жатқан есеп-қисап қағаздарын уыстаған күйі кеңшар бастығының бетіне бір-ақ ұрады.

Мә, жинап ал мынауыңды! Мен кеттім! – деп кеңседен шығып кетіп қалады.

Ағайын-туғандарымен қоштасып, өз ықтиярымен соғысқа аттанады. Соғысқа кеткен Ілиястан хабар-ошар болмайды.

Біз бала кезімізде соғыстың ел ішіне алақұйын салғанын естідік, білдік. Бірін ағасынан, екіншісін әкесінен, үшінші бір адамды сүйген жарынан айырған зұлматтың ауылы алыстаса да оның жүреке салған жарасы өшкен жоқ. Адамзатты адам нанғысыз қиындыққа душар еткен соғыста өртеніп кеткен адамдар мен сезімдердің, ең бастысы, өлеңдердің санына кім жетіпті? Қайран, өртенген өлеңдер-ай!

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp