«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ТҰРАҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Астана қаласында Орталық коммуника­циялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің 10 айдағы даму қорытындыларын баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берді.

“Біздің жұмысымыз Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүл­тіксіз орындай отырып, барлық күш-жігеріміз облыс экономикасының даму қарқынын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған”, – дей ке­ліп, Ғауез Торсанұлы экономиканың негізгі салаларына және шешімін та­буы тиіс өзекті мәселелерге тоқ­талды.

Ауыл шаруашылығында ғана тө­мендеу көрсеткіші байқалып, нақты көлем 84,9 пайызды құрады. Қалған салаларда өсім сақталған, атап айт­қанда, өнеркәсіпте – 113 , құрылыста – 122, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде – 112, инвестиция тартуда 120,3 пайызға жуық. Қазіргі қарқынға қарағанда, жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте – 105, құры­лыс­та – 102, инвестиция құюда – 105, тұрғын үйді пайдалануға беру­де 102 пайыз өсім болады деген бол­жам бар. 10400 тұрақты жұмыс орны құрылды. Биыл облыс бюджеті 420 млрд. теңгеден  499 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Былтырғы жыл­мен салыстырғанда кірістер 27,6 пайызға өскен. (2022 ж. – 87 млрд. теңге, 2023 ж. – 111 млрд. теңге). Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салуға, жолдарды жөн­деуге, инженерлік инфрақұрылым­ды дамытуға және сумен жабдық­тауға бағытталды. Бір атап өтерлігі, жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджетке көшкендіктен, ауылдар­дың қаржылық және экономикалық мүмкіндіктері кеңейді. Сонымен қа­тар бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу қаржыны тиімді жоспарлауға және мақсатты пайдалануға мүмкіндік берді. Осылайша адамдардың өмір сүру жағдайы жақсара түсті. 2023 жылға арналған 4-ші деңгейдегі бюд­жет көлемі 21 млрд.теңгеге жетіп, салық түсімдерінің көлемі 2 есеге кө­бейді.

Баяндамашы қиындықтарға қа­ра­мастан ауыл шаруашылығы бо­йынша тұрақты даму деңгейі сақта­лып қалғанын сөз етті. 10 айдағы жалпы өнім көлемі – 775 млрд.теңге. Егін жинау науқаны қолайсыз ауа райына тұспа-тұс келіп, белгілі дә­режеде астықтың сапасы мен көле­міне кері әсер етті. Қажетті аграрлық шаралардың жүргізілуі нә­ти­жесінде гектар түсімі 11,1 центнер­ден айналды. Бұл – басқа өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. 3,7 млн. тонна астық жи­налды, оның 458 мың тоннасы – майлы дақылдар.

Өңір басшысы ауыл тұрғын­дарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығы ерекше назарда екенін жеткізді. Он айда ет өндірісі 2 пайызға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4 пайызға өсті (603 мың тонна), 589 миллион жұмыртқа өн­дірілді (96,6 пайыз). Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық жалпы көрсеткіштің 10 пайызына тең.

“Мемлекет басшысы халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басым­дық ретінде белгілеп берді. Біздің міндетіміз – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұған инвестиция тарту ар­қылы қол жеткізіп келеміз. Ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция біздің облыста құйылды. Ет, сүт және астықты тереңдеп өңдеу, жы­лыжайлар салу жөніндегі тапсырмаларды орындауға 80 млрд. тең­геден асатын қаржы қарастырылып, 27 жоба жүзеге асырылуда”, – деді облыс әкімі.

Олардың ішінде құс фабрикала­ры, қой фермалары, көкөніс қойма­сы, жылыжайлар бар. Жергілікті тұр­ғындардың құс етіне (16,5 мың тон­на) және көкөніске (3 мың тонна) қа­жеттілігі толық қамтамасыз етіліп, қосымша сүт өндірісі 45,5 мың тон­наға артпақ.

“EMC-Агро” шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын ұсынды. Кешенде ет өндіру көлемі 10,5 мыңнан 20 мың тоннаға дейін көбеймек. Инвестиция мөлшері – 20 млрд. теңге, 180 жұмыс орны ашыла­ды. Астықты тереңдетіп өңдейтін “BioOperations” зауыты глютен, би­дай крахмалын, биоэтанол шығара­ды. Шикізатты қайта өңдеудің жыл­дық қуаттылығы – 237 мың тонна, тартылған инвестициялық қаражат 14 млрд.теңгеге жуық. Өңір дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша көшбасшы саналады, яғни республи­кадағы сүт өндірісінің 23 пайызы тиесілі.

“Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілетін несиенің көмегімен қанатқақты жобалар кең қолдау тауып келеді. Қазіргі таңда 12 мың басқа арналған

13 сүт фермасы салынуда. Оның ал­тауы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80 пайыздан асады. 2026 жылға дейін 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Бұл мақсат үшін 469 млрд.теңгенің 39 инвестициялық жобалар пулы іске асырылуда. Биыл 56 млрд. теңгенің 15 жобасы іске қосылып, 1 мыңнан астам адам жұмысқа орналасады. Басты мақсат – құрылыс материал­дарында, өнеркәсіп өнімдерінде им­портқа тәуелділікті төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техни­каларының ішкі нарығын дамыту. Монтаждау және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан “МаслоДел” компаниясының май экстракциялық зауытына 23 млрд. теңге инвестиция құйылған. Қазақстан мен Орталық Азия аумағында баламасы жоқ кә­сіпорын жылына 370 мың тоннаға де­йін майлы дақылдарды қайта өңдей алады. 120 мың тонна дайын өнім ше­телдерге экспортталады. Немістің “Рейманн” компаниясы ауыл шаруашылығы тіркемелерін шыға­рмақ.

Облыс әкімі бірқатар түйінді проблемаларды да ортаға салды. Со­лардың бірі – машина-трактор паркі­нің тозуы. Жыл сайын барлық техни­калардың шамамен 5 пайызы жаңар­тылады.

Ресейдің “Қазкран” зауыты жобаны іске асыруға кірісті. Түрік ин­весторы ағашты тереңдеп өңдейтін зауыттың құрылысын аяқтауға жа­қын. Келесі жылы “Нанпром” компа­ниясы кондитерлік өнімдерді өндіру жөніндегі жобаны қолға алмақ. Жыл­дық қуаттылығы 15 мың тоннаны құрамақ. Жыл аяғына дейін өнер­кәсіптің жалпы көлемі 519 млрд. тең­геден 595 млрд. теңгеге дейін өседі.

Биыл 300 мың шаршы метр тұр­ғын үй, оның ішінде 24 көппәтерлі үйді іске қосу белгіленген. Олардың 8-і – бюджеттік, 16-сы – коммер­циялық. Нәтижесінде 5 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады. Келесі жылы 26 үй салынады.

Алда ұзындығы 8416 шақырым болатын жолдардың жағдайын жақ­сарту міндеті тұр. Екі жыл ішінде 2 мың шақырымнан астам жол жөнделіп, бұл салаға бағытталған қаржы 39,4 млрд. теңгеге дейін жетті. Биыл 770 шақырым жол қалпына кел­тірілді. 38 ауылда жалпы ұзындығы 64 шақырым жол жөнделді. 47 кө­шеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын негізгі факторлардың бірі елді мекендерді коммуналдық инфрақұрылыммен, оның ішінде су­мен қамтамасыз ету болып табы­ла­ды. Биыл сумен жабдықтауды қар­жыландыру 1,9 есеге көбейді. Об­лыста ауыл халқының 85 пайызы таза ауызсуды тұтынады. 149 ауыл кешенді блок-модульдерге қосы­лған. Топтық су құбырларының ұзындығы 3 мың шақырымнан асады.

Ғауез Торсанұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объекті­лерінің жұмыс істеу режімі тұрақты бақылауға алынғанын айтты. 10 қа­зандық пен 7 турбоагрегатты жөндеуге 12 млрд. теңге бағытталған. “Петропавл жылу желілері” ЖШС жылыту маусымына дайындық шең­берінде қайта жаңарту жұмыстарын жүз пайызға орындаған.

Бюджеттің үштен бір бөлігі білім беру саласына жұмсалады. Өткен жылмен салыстырғанда қаржылан­дыру 19 пайызға өсті. Білім ошақ­тарының материалдық-техникалық базасы 4,4 млрд. теңгеге жаңартылды Мектептер үшін 55 пәндік кабинет және 29 автобус сатып алынды. 48 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Апатты деп та­нылған мектептердің орнына 720 орындық 2 білім ошағы салынды. Бұдан бөлек, 120 орындық мектептің құры­лысы басталады. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 50 орындық интернаты бар 300 орын­дық түзету мектебінің құрылысы жүргізілуде. Үш жыл ішінде “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектеп бой көтереді.

Денсаулық сақтау инфрақұры­лымының 77,5 пайызының тозғаны ескеріліп, саланы қаржыландыру 48 пайызға көбейтілді. “Ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы шеңберінде 46 медицина­лық мекеме тұрғызылады. 2024 жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көп бейінді облыстық аурухана құры­лысын қайта бастау жоспарланған. Аудандық ауруханалар үшін 14 санитарлық көлік сатып алынды. 5,2 млрд. теңгеге медициналық жабдық­тар (ангиограф, рентген, ультрады­быстық зертеу және т.б.) орнатылды.

Бүгінде облыс халқының 41 пайызы спортпен айналысады, 2025 жылға дейін саламатты өмір салтын ұстанған тұрғындардың үлесі 50 пайыз болады. 5 спорт кешені, 4 жа­бық хоккей корты мен жаттығу залы бар бассейн салынуда. Олимпиа­да­лық резервтегі интернат-колледжі үшін жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы “Қарасай” ста­дионын қайта жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталады. Облыс орталығында үстел теннисі орталығы, мұз сарайы тұрғызылады.

“Спорт саласында жүргізіліп жат­қан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Әсіресе кәсіби спортшыларымыз жетістіктерімен қуантады. Олар – Алексей Луценко велоспорттан (Азия ойындарының чемпионы және жүлдегері), Алтынбек Аусағитов (қазақ күресінен әлем кубогының жеңімпазы), Ислам Евлоев (23 жасқа дейінгілер арасында грек-рим күресінен Азия чемпио­ны), Наталья Богданова (бокстан Азия ойындарының қола жүлдегері), Иван Залезняк (Параазия ойында­рының қола жүлдегері) және тағы басқалары”, – деді өз сөзінде өңір басшысы.

Биыл ауылдарда 752 млн. теңге­ге 6 мәдениет нысаны салынып, жаңар­тылуда (Мәдениет үйі, мұражай, клуб мәдени-сауықтыру орталығы). 13 мәдениет нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. 19-шы ғасырда салынған ескі мешіт қалпына келті­ріліп, Ислам мәдениеті мұражайы ретінде ашылды.

Үш жыл ішінде 160-тан астам ауыл интернетке қосылып, сапасы жақсартылды. 275 мың тұрғыны бар 539 елді мекен әртүрлі озық тех­нологияларды пайдаланады. “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдары 304 ауылды талшықты-оптикалық байл­аныс желісіне қосу жоспарланған. Байланыс операторларымен бірлесіп жылдамдықты арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 170 мектеп “Старлинк” спутниктік желісіне қосылатын болады.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

 “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp