Мамандандырылған күзет қызметі мамандарының арасында “Қайырымды істер марафоны” өткізілуде. Акцияға қатысқан полицейлер жақсылық жасап жарысуда. Мекеменің бір топ қызметкері науқас жандарға донор болды.
Облыстық қан орталығына 40-тан астам маман келді. Олардың көбі осыған дейін де бірнеше рет қан тапсырған. Қызметкерлер өзгенің өмірін сақтап қалуға көмектесуді азаматтық борышы санайды. Жалпы бүгінде мамандандырылған күзет қызметінде 430-дан астам тәртіп сақшысы жұмыс істеуде.
– Біз өңіріміздегі мемлекеттік нысандарды күзетеміз. Төртінші желтоқсанда басталған акцияға қатысушылар аз емес. Осындай қайырымдылық шараларынан қалыс қалмауға тырысамыз, – дейді мамандандырылған күзет қызметі басқармасының кадр және тәрбие бөлімінің бастығы Еркін Нұрышев.
Бүгінде әлемдегі әрбір 3-ші адамға қан керек. Қазақстанда донорлардың саны өкінішке қарай, аздау.
– Қайырымды іске полицейлер де атсалысып жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңіз білесіздер, елімізде қан тапшылығы жиі кездеседі.1000 адамға 275 донордың көмегі қажет. Ал бұл көрсеткіш біздің елімізде тек 18 адамды құрайды. Яғни, қажеттіліктің тек 40 пайызын ғана қанағаттандырады, – деді “Қызыл Жарты Ай қоғамы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова.
“Қызыл Жарты Ай” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы қан тапсырған жандарға Алғыс хат табыстап, ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады. “Қайырымды істер марафоны” акциясы мамандандырылған күзет қызметінде жылына 2 рет өткізіледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.