Жер дауы – көптің көкейінде жүрген мәселе. Әсіресе бір кездері заңсыз жолмен көлденең көк аттының қолында кеткен жерлерді қайтару ауылдағы ағайынның бас ауруына айналғалы қашан. Әділдік іздеп бармаған жерлері, баспаған таулары жоқ. Сотта біресе жеңіп, біресе жеңілген халық кімге шағымданарын білмей дал.
Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Балуан ауылының жеріне қатысты сұрақ қойған болатын. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұғамбетов бірқатар аудандардың тұрғындарын қабылдады. Кездесуге құқық қорғау органдарының да өкілдері қатысты.
Өңір басшысының жеке қабылдауына келген Шал ақын ауданындағы Балуан, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтоброд, Сокологоровка және Чистополье ауылдарының тұрғындары қордаланған мәселенің мән-жайын баяндады.
Сонымен қатар онлайн режімде “Тәуекел” қоғамдық бірлестігінің басшысы, блогер Бурахан Дақанов қоныс аудару мәселесі бойынша өз ұсыныстарын айтып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.