«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдағы жаңа спорт кешені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. Өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, Явленка ауылындағы жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтары кешенінің жұмысымен танысты.

Спорттық нысанды салуға үш жыл жұмсалған. Заманауи та­лаптар бойынша салынған ғимаратта кез келген спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Үйірмелерге балалар сағат таңғы 9:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін бара алады. Бүгіндері мұнда 8 жат­тықтырушы жұмыс істейді. Облыс әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы бірнеше ауданда осы сынды кешендер пайдалануға беріледі.

– Бүгінде Саумалкөл және Но­воишим ауылдарында заманауи спорт кешендері салынып жатыр. Жыл соңына дейін халық игілігіне тапсырамыз. Бұған қоса, өңірімізде төрт жабық хоккей қорапшасының құры­лысы жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Кейін Ғауез Торсанұлы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебіне ат басын бұрды. Биыл білім ұясына “Қазақстан хал­қына” қоры 250 млн. теңге бөліп, бұл қаражатқа жиһаз, құрал-жабдық­тар, сәндік-көркем бұйым­дар са­тып алынды. Сондай-ақ оқу орнына 24 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылыту жүйесі, кіреберіс пен дәретхана қа­лыпқа келтірілді. Спортзалдың еде­ні ауыстырылды.

Соңғы жылдары ауданда кәсіп­керлер саны артып келеді. Жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көр­сетілуде. Мұны бизнесмен Жомарт Шамшуменов те растайды. Биыл ол “Ауыл аманаты” жобасы арқылы 2,5 пайызбен 8 млн. теңгеден астам несие алған. Бұл қаражатқа 8 симментал тұқымды ірі қара мен 20-дан астам қой сатып алыпты.

– Мал шаруашылығы – ата кәсі­бі­міз. Оны дөңгелету арқылы мол табысқа кенелуге болады. Алдағы мақ­сатым – мал басын арттыру, – дейді кәсіпкер.

Кездесуде облыс әкімі жеке кә­сіпкердің алдағы жұмысына сәтті­лік тілеп, биыл теріскейлік шаруа­ларға “Ауыл аманаты” жобасы аясында 1,8 млрд. теңге көлемінде не­сие берілгенін атап өтті.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp