Австриялық компания өңірде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов “Kronospan Holding East” компаниясының өкілі, инвестициялық жобаның Орталық Азиядағы басшысы Томаш Янчакпен кездесті. Шетелдіктер өңірде жоңқалы тақталар шығару жобасын жүзеге асырмақ. Себебі австриялық компания осы салаға бағдарланған. Әрі әлемге белгілі сапалы ағаш өнімдерін шығарумен танымал.
– Экономиканы дамытудың маңызды бағыты – ағаш өңдеу өнеркәсібі. Бүгінде біздің облыста жарты миллион гектардан астам жерді орман алып жатыр. Біз жоғары технологиялық жобаларды енгізе отырып, ағаш өңдеу саласын, ағаштан жасалған бұйымдар өндірісін дамытамыз. Ламинатталған фанера өндірісі іске қосылды, жоғары сапалы өнім Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Германия, Польша, Латвия, Эстония, Литва және Азия елдеріне экспортталады, – деген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің құрылыс саласында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, сондықтан материалдарға сұраныс зор екенін атап өтті.
“Kronospan Holding East” компаниясының өкілдері әлемде табысты жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Аталмыш компания бұған дейін де елімізде ынтымақтастық негізде жұмыс істеген. Енді олар келесі жылы құрылыс бастау үшін дайын инфрақұрылымы бар учаске іздестіруде.
– Қандай технологияны таңдау керектігін білеміз. Тек үкіметпен бірлесе отырып, инвестициялық жобаны жүзеге асыратын орын және жақсы серіктес табу керек. Жоба құны 50 миллион АҚШ долларынан асады, – деді “Kronospan Holding East” өкілі Томаш Янчак.
Компания өкілдері жобаны жүзеге асыру үшін логистика, шикізат, инфрақұрылым жайын сұрады.
– Біздің қалада электр энергиясы бойынша проблема жоқ. Бүгінде “Сэвказэнерго” АҚ-ның №2 жылу-электро орталығы электр энергиясын өндіреді. Оның қуаты 500 мегаваттқа дейін жетеді. Біз тек 60 пайызын қолданамыз. Жылуға келетін болсақ, қазандық қондырғыларының қуаты 714 гигакалорияға дейін жетеді. Облыс орталығы кеңейіп жатқанымен, біз сағатына 500 гигакалорияны ғана тұтынамыз. Яғни 200 гигакалорияға жуық резерв бар, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі компанияға өндірісті іске қосу үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оның үстіне ағаш өңдеу саласын дамыту бағытында тәжірибе бар. Бұған дейін өңірде ламинатталған фанера өндірісі ашылғаны белгілі. Қазір ағашты терең өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Онда инвесторлар ДСП және ЛДСП өнімдерін шығаратын болады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.