Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында биылғы жылдың 10 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінің орындалуы қаралды.
Экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың есебінен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға ұлғайғанымен, жалпы шығарылымы 775,3 млрд. теңгеге жеткен ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 15,1 пайызға төмендегені белгілі болды. Астық және дәнді дақылдар өндірісі де 20,1 пайызға кеміген.
Осы кезең аралығында 514,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп тауарлары өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі – 13,1, тау-кен – 10,1, электрмен жабдықтау 18,6 пайызға артқан. 2023 жылдың он айында негізгі капиталға 268,7 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция құйылса, биылғы көрсеткіш – 336,8 млрд. теңге.
Баяндамашы құрылыстағы оң өзгерістерге де тоқталды. Бұл саладағы орындалған жұмыстар көлемі 21,9 пайызға өскен. Оның ішінде құрылыс-монтаждау – 23,3, күрделі жөндеу – 41,6, ағымдық жөндеу 7,2 пайызға ұлғайған. Жалпы ауданы 152,2 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттары пайдалануға берілген. Оның 96,3 мың шаршы метрі жекелеген адамдарға тиесілі. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен аудан, қала әкімдерінің алдында бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй құрылысының көлемін еселей түсу міндеті тұр.
Жыл басынан бері бөлшек сауда бойынша 306,5 млрд. теңгенің тауарлары сатылған. 10368 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарламасы шеңберінде нақты іс-шаралармен 17308 адам қамтылған. Жұмыссыздықты тежейтін факторлардың кешенді атқарылуы нәтижесінде жұмыссыздық көрсеткіші 4,7 пайызды құраған. Инфляция деңгейі 8,7 пайызға жуықтап, азық-түлік өнімдерінің бағасы біршама жоғарылаған.
Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант 1 қарашадағы жағдай бойынша бюджеттің шығыс бөлігі 98,6 пайызға орындалып, 5 млрд. 455 млн. теңге игерілмегенін баяндады. Оның 2 млрд. 273,3 млн. теңгесі – республикалық бюджеттен, 3 млрд. 182,3 млн. теңгесі – жергілікті қазынадан. 1 желтоқсанда жергілікті бюджетке жинақталатын кірістер жоспары 104 млрд. 030,7 млн. теңге болса, 3 млрд. 648,8 млн. теңгеге артығымен игеріледі деп күтілуде.
Жедел деректерге қарағанда, 11 айда бюджеттің шығыс бөлігі 98,8 пайызды құрамақ. Нақтыланған жоспардағы шығыс 437 млрд. 396,8 млн. теңге болады деген болжам бар.
Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттердің игерілу мөлшері – 95,9 пайыз.
Әкімдік отырысын қорытындылаған Ғауез Торсанұлы кей аудандарда ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің азайып кеткенін атап көрсетті. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы жақсы дамығанымен, жекелеген көрсеткіштер мәз емес. Мысалы, Ақжар, Шал ақын аудандарында сүт өндірісі 7 пайызға төмендеген. Тимирязев ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда бірде-бір тауарлы-сүт фермасы жоқ.
“Тимирязев ауданының әкіміне 2024 жылы тауарлы-сүт фермасын салуды тапсырамын. Жыл соңына дейін ұсынысыңызды беріңіз. Сүт кешенін салуға инвестордың табылмауы жалпы әкімдіктің немқұрайлы жұмысының нәтижесі деп бағалауға болады. Бүгінде қалталы азаматтар ешқандай жарнаманы керек етпейді. Роликтер жасап, мақтау сөздерді айтудың да қажеті шамалы. Өйткені бизнесмендер мұндай жобаның қаншалықты табысты екендігін онсыз да жақсы біледі. Өңірде ондай мысалдар жетерлік. Ал сіздердің инвестор табылмай жатыр дегендеріңіз жай ғана сылтау. Жағдай бұлай жалғаса берсе, талапты қаттырақ қоюға тура келеді”, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ет өндірісі 200 тоннаға азайған. Мамлют пен Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандарында да көрсеткіштер төмен. Тайынша мен Қызылжар аудандарында жұмыртқа өндірісі құлдыраған.
Облыс әкімі жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмай отырған шенділер жазаланатынын айтты. Абаттандыруға, жол жөндеуге және су құбырларына қаржы республикалық қазынадан қарастырылады. Ол толыққанды игерілмесе, келесі жылы жергілікті бюджеттен бөлуге тура келеді. Берілген қаражатты игере алмағандардың арасында денсаулық сақтау, білім басқармалары, Уәлиханов, Шал ақын аудандары, Петропавл қаласы бар. Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандарында елді мекендерді сумен жабдықтауға қарастырылған қаражаттың игерілмей қалу қаупі бар.
“Әкімдер жағдайды шұғыл түрде реттеу керек. Көмек керек болса, айтыңыздар. Кез келген мүмкіндікті қарастырамыз. Ал қаражатты игермеудің басты себептері – шарттардың кеш жасалуы және де мердігерлік ұйымдардың өз міндеттемелерін орындамауы. Мен барлық шарт-талаптарды талдап, тиісінше сәйкестендіруді тапсырамын”, – деген Ғауез Нұрмұхамбетов өңір бойынша әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының көрсеткіштерін қамтамасыз етуді, жаңа инвесторлар іздестіруді, құрылыс жұмыстары саласында бөлінген қаражатты толық игеруді жүктеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.