«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көшелері жап-жарық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов жыл қорытындылары жайлы баяндама жасады. Аудан әкімі БАҚ өкілдеріне соңғы жылдары бюджеттік түсімдердің айтарлықтай өскенін жеткізді. Мәселен, биыл жерілікті қазынаға 2,4 млрд. теңге қаржы түскен. Әр гектарға шаққандағы салық түсімі де артып, 13 мың теңгеге жеткен. Жалақы мөлшерінде де айтарлықтай өсім бар.

Бүгінде аудан тұрғындарының 84 пайызы таза ауызсуға қол жеткізіп отыр. 2019 жылдан бері “Санация” әдісі арқылы жалпы ұзындығы 40, жаңа желілерді салу бойынша 67 километр су құбыры іске қосылыпты. Биыл Якорь ауылындағы желілер жаңғырып, Петерфелдь ауылына жаңа құбыр тартылған. Архангельск, Новокаменка және Пеньков ауылдарына су тарту жұмыстары биыл басталса, келер жылы бұл бағыттағы игі істер тағы 6 ауылды қамтымақ.

Соңғы жылдары аудандық маңызы бар жолдардың 50, кентішілік жолдардың 32 пайызы жөндеу көрген. Келер жылы Бескөл, Белое, Налобина ауылдарының көшелері жаңа кейіпке енбек.

Қызылжар ауданы жарықтандыру бойында өңірде алдыңғы қатарда келеді. Бүгінде мұндағы көшелердің 92 пайызы жарықтандырылған. 11 ауылдық округтің елді мекендері көше шамдарымен 100 пайыз қамтамасыз етіліпті.

– Бүгінде ауданда екі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соған қарамастан тұрғын үй кезегінде 901 адам тұр. Аталған мәселені шешу үшін қайталама нарықтағы баспананы сатып алу тәжірибесін пайдаланудамыз. Биыл осы әдіспен 3 үй сатып алынып, көпбалалы отбасыларға берілді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі де жүйелі жүргізілуде. Бүгінде 30,9 мың гектар жер ел игілігіне берілді,– деді аудан әкімі.

Биыл аудандағы 4 дәрігерлік амбулатория мен 12 мәдениет ошағы жөнделген. Осыған қарамастан ауданда жөндеуді қажет ететін медициналық нысандар аз емес. 22 елді мекенге фельдшерлік-акушерлік пункт қажет.  Бүгінде Прибрежное, Якорь ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысы аяқталуға таяу, келер жылы 6 ауылда медициналық бекеттердің құрылысы басталады.

Бұқаралық спортты дамыту үшін алдағы жылы 5 ауылда заманауи алаңдар ел игілігіне беріледі. Биыл “Қызылжар” демалыс саябағын жабдықдау жұмыстары басталған. Бескөл ауылында хоккей кортын салу да жоспарда бар.

Биыл Қызылжар ауданында 6 инвестжоба аяқталды. Жаңадан ашылған сүт, құс фермасы, элеватор, кірпіш зауыты және өзге де нысандарда 130 жұмыс орны ашылды. Келер жылға Архангельск, Глубокое, Ташкентка, Новогеоргиевка, Долматово ауылдарында сүт фермаларының құрылысы, Николаевкада қой фермасын салу жоспарланған. Осылайша аудандағы 12 ауылдық округтің аумағында сүт фермалары жұмыс істейтін болады.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында 47 өндіріс орны ашылып, 80 адамға жұмыс табылған. 22 аудан тұрғыны бизнеске арналған грант, 11-і шағын несие алған. “Ауыл аманаты” бағдарламасының аясында тұрғындарға мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда салалары бойынша 415 теңгенің қолдауы көрсетіліпті.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp