«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫНЫ ИГЕРЕ АЛМАУ – БАСШЫЛАРҒА СЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отыры­сында биылғы жылдың 10 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінің орындалуы қаралды.

Экономика басқармасының бас­шысы Қуанышбек Қалижановтың есебінен мал шаруашылығы өнімде­рінің көлемі 2,2 пайызға ұлғайғаны­мен, жалпы шығарылымы 775,3 млрд. теңгеге жеткен ауыл шаруа­шылығының нақты көлем индексі 15,1 пайызға төмендегені белгілі бол­ды. Астық және дәнді дақылдар өндірісі де 20,1 пайызға кеміген.

Осы кезең аралығында 514,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп тауарлары өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі – 13,1, тау-кен – 10,1, электрмен жабдықтау 18,6 пайызға артқан. 2023 жылдың он айында негізгі капиталға 268,7 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция құйылса, биылғы көрсеткіш­ – 336,8 млрд. теңге.

Баяндамашы құрылыстағы оң өзгерістерге де тоқталды. Бұл саладағы орындалған жұмыстар көлемі 21,9 пайызға өскен. Оның ішінде құрылыс-монтаждау – 23,3, күрделі жөндеу – 41,6, ағымдық жөндеу 7,2 пайызға ұлғайған. Жалпы ауданы 152,2 мың шаршы метр тұрғын үй ғи­мараттары пайдалануға берілген. Оның 96,3 мың шаршы метрі жеке­леген адамдарға тиесілі. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен аудан, қала әкімдерінің алдында бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй құрылысының көлемін еселей түсу міндеті тұр.

Жыл басынан бері бөлшек сауда бойынша 306,5 млрд. теңгенің тауарлары сатылған. 10368 адам тұрақты жұмысқа орналастырыл­ған. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарламасы шеңберінде нақты іс-шаралармен 17308 адам қамтыл­ған. Жұмыссыздықты тежейтін факторлардың кешенді атқарылуы нә­тижесінде жұмыссыздық көрсеткіші 4,7 пайызды құраған. Инфляция деңгейі 8,7 пайызға жуықтап, азық-түлік өнімдерінің бағасы біршама жоғарылаған.

Қаржы басқармасының басшы­сы Наталья Дышкант 1 қарашадағы жағдай бойынша бюджеттің шығыс бөлігі 98,6 пайызға орындалып, 5 млрд. 455 млн. теңге игерілмегенін баяндады. Оның 2 млрд. 273,3 млн. теңгесі – республикалық бюджеттен, 3 млрд. 182,3 млн. теңгесі – жергілік­ті қазынадан. 1 желтоқсанда жергі­лік­ті бюджетке жинақталатын кірістер жоспары 104 млрд. 030,7 млн. теңге болса, 3 млрд. 648,8 млн. теңгеге артығымен игеріледі деп күтілуде.

Жедел деректерге қарағанда, 11 айда бюджеттің шығыс бөлігі 98,8 пайызды құрамақ. Нақтыланған жос­пардағы шығыс 437 млрд. 396,8 млн. теңге болады деген болжам бар.

Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттердің игерілу мөлшері – 95,9 пайыз.

Әкімдік отырысын қорытынды­лаған Ғауез Торсанұлы кей аудан­дарда ет, сүт және жұмыртқа өндірі­сінің азайып кеткенін атап көрсетті. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы жақсы дамығанымен, жекеле­ген көрсеткіштер мәз емес. Мысалы, Ақжар, Шал ақын аудандарында сүт өндірісі 7 пайызға төмендеген. Ти­мирязев ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда бірде-бір тауарлы-сүт фермасы жоқ.

“Тимирязев ауданының әкіміне 2024 жылы тауарлы-сүт фермасын салуды тапсырамын. Жыл соңына дейін ұсынысыңызды беріңіз. Сүт кешенін салуға инвестордың табылмауы жалпы әкімдіктің немқұрайлы жұмысының нәтижесі деп бағалауға болады. Бүгінде қалталы азаматтар ешқандай жарнаманы керек етпейді. Роликтер жасап, мақтау сөздерді айтудың да қажеті шамалы. Өйткені бизнесмендер мұндай жобаның қаншалықты табысты екендігін онсыз да жақсы біледі. Өңірде ондай мысалдар жетерлік. Ал сіздердің инвестор табылмай жатыр дегендеріңіз жай ғана сылтау. Жағдай бұлай жалғаса берсе, талапты қаттырақ қоюға тура келеді”, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан­да ет өндірісі 200 тоннаға азайған. Мам­лют пен Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандарында да көрсеткіштер төмен. Тайынша мен Қызылжар аудандарында жұмыртқа өндірісі құлды­раған.

Облыс әкімі жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмай отырған шенділер жазаланатынын айтты. Абаттандыруға, жол жөндеуге және су құбырларына қаржы республикалық қазынадан қарасты­рылады. Ол толыққанды игерілмесе, келесі жылы жергілікті бюджеттен бөлуге тура келеді. Берілген қара­жатты игере алмағандардың арасында денсаулық сақтау, білім басқармалары, Уәлиханов, Шал ақын аудандары, Петропавл қаласы бар. Қызылжар, Мамлют, Мағжан Жұма­баев аудандарында елді мекендерді сумен жабдықтауға қарастырылған қаражаттың игерілмей қалу қаупі бар.

“Әкімдер жағдайды шұғыл түрде реттеу керек. Көмек керек болса, айтыңыздар. Кез келген мүмкіндікті қарастырамыз. Ал қаражатты игермеудің басты себептері – шарттардың кеш жасалуы және де мерді­герлік ұйымдардың өз міндетте­мелерін орындамауы. Мен барлық шарт-талаптарды талдап, тиісінше сәйкестендіруді тапсырамын”, – деген Ғауез Нұрмұхамбетов өңір бо­йынша әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының көрсеткіштерін қамтамасыз етуді, жаңа инвестор­лар іздестіруді, құрылыс жұмыста­ры саласында бөлінген қаражатты толық игеруді жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp