Өңірде асқазан обыры жиі кездесетін онкологиялық аурулардың қатарында. Қазіргі уақытта 332 сырқат диспансерлік есепке алынған. Оның 79-ы биыл ауырып, қазіргі уақытта ем алып жатыр. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың хирург дәрігері Азамат Белбеевтің айтуынша, қатерлі ісік аурулары көпке дейін сыр бермейді.
“Сырқат уақытында тексерілмеген жағдайда онкологиялық ауруларды тек соңғы сатыларында ғана анықтап жатамыз. Бірақ пациенттермен сөйлесу барысында асқазандағы жайсыздықтың осыдан жарты жыл, кейде тіпті 11 ай бұрын пайда болғанын білеміз. Науқастардың дені дер кезінде дәрігерге көрінбей, алтын уақыттарын жоғалтып жатады. Тек ауру жанына батқанда ғана маманның көмегіне жүгінеді. Басылмайтын қыжыл, құсу, салмақ жоғалту, жүректің қуырылған ет иісінен айнуы – мұның бәрі аурудың алғашқы белгілері. Ал дерт асқынғанда адам күрт салмақ жоғалтады, құрсақ қуысында сұйықтықтың жиналуына байланысты іш көлемі ұлғаяды, үнемі құсады”, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, обырды анықтайтын онкомаркерлер асқазан рагын дұрыс көрсетпейді.
“Асқазан обыры диагнозын қою үшін фиброэзофагогостродуоденоскопия жасау қажет. Соңғы кезде асқазанның бейнесін көрсететін құрылғылар бар. Бұл зерттеуде біз асқазан-ішек жолдарының жоғары қабатын тексереміз. Әдетте пациенттер асқазанды қарады деп ойлайды, жоқ, бұл әдісте жұтқыншақ, өңеш, содан кейін ғана асқазан тексеріледі. Онкомаркерлер обырдың алғашқы сатылары жайлы ақпарат бермейді. Биыл сәуір айында жас әйелге ФГДС жасалды, оған созылмалы гастрит, асқазанда сұйықтық бар деп қорытынды берілді. Науқас та, дәрігерлер де обыр жоқ деп арқаны кеңге салды. 4 айдан кейін сырқатта IV сатыдағы асқазан қатерлі ісігі анықталды”, – дейді Азамат Белбеев.
Кейде диагноз қою үшін немесе ол диагнозды жоққа шығару үшін науқасты ФГДС-ке 2-3 рет жіберуге тура келеді екен. Көбіне сырқатқа радикалды әдіс қолданылып, ота жасалады. Өкінішке қарай, елімізде асқазан қатерлі ісігі бар 2800 науқас анықталса, соның мыңға жуығына ота жасалады, бір бөлігі әртүрлі химиотерапия алады.
Елімізде өңеш пен асқазан обырын ерте анықтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. 2012 жылдан бастап біздің облыста қанатқақты режімде асқазан мен өңеш қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша скрининг жүргізіліп келеді. Скринингпен 50-60 жас аралығындағы адамдар қамтылады.
“Егер асқазанда қандай да бір проблема болса, жылына кемінде 1-2 рет зерттеуден өту қажет. Жоғарыда сипатталған белгілер болған жағдайда жедел түрде дәрігерге қаралу керек”, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, асқазан қатерлі ісігінің алдын алудың негізгі жолы – тамақтану режімін сақтау: ысталған және қатты қуырылған тағамдарды, консервіленген тағамдарды, жануарлардың майларын тұтынуды азайту, алкоголь мен темекі шегуден бас тарту, күнделікті рационда жемістер мен көкөністерді қолдану.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.