«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауызсудан тапшылық жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2023 жылғы даму қорытындыларына арналған брифингтердің бірі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға арналды. Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған аудан әкімі Руслан Аңбаев биылғы жылдың 10 айында бюджет кірісі 3 млрд. теңгені құрағанын жеткізді. Орташа жалақы 15,7 пайызға өсіп, 238 мың теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы орташа айлық  – 198 мың теңге.

Биыл ауданда 897 жаңа жұмыс орны құрылып, 1619 тұрғын тұрақты жұмысқа, 390-ы уақытша жұмысқа тұрған. Ауданға көшіп келген 69 отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Биыл аудандағы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі өнім көлемі 33,4 пайызға төмендеп, 97,6 млрд. теңгені құрады. Көктемде аудан диқандары 686,8 мың гектар жерге дән сепкен. Күздегі дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 10,8, ал майлы дақылдардікі 6,2 центнерден айналыпты. Ауданда мал шаруашылығы бағытында да ірі жобалар қолға алынуда. Мәселен, “УК Әділ” серіктестігі 400, “Буденное-СК” 1200 бас ірі қараға арналған фермалар салуда. “Адани-Агро” серіктестігі етті бағыттағы кешеннің құрылысын жүргізуде. Биыл “ES Global Agro”, “Астық-Привольный” серіктестіктері суармалы егістікті қолға алыпты. Келер жылы бұл тәсілді тағы 4 шаруашылық қолданысқа енгізбек.  Аудандағы шаруалар бір жыл ішінде құны 10,8 млрд.теңге болатын 402 жаңа техника сатып алған.   “Маслодел” серіктестігі биыл 37 мың тонна май өндірсе, “Қазмил” 360 мың тоннадай құрамажем шығарған.

– Бүгінде ауданда 1900 шағын және орта бизнес нысаны бар. Биыл тұрғындар өз қаражаты есебінен 21 жаңа нысан ашты, нәтижесінде 136 жұмыс орны пайда болды. Ұлттық жоба аясында 14 кәсіп иесіне қолдау көрсетілді. “Ауыл аманаты” жобасы аясында 24 тұрғынға жеңілдетілген несие берілді. 26 адам мемлекеттік грант иегері атанды, – дейді Руслан Әкімжанұлы.

Биыл мұндағы Шұқыркөл-Андреевка – Раисовка автожолына жөндеу жүргізілген. Нежинка, Ставрополка, Пески, Червонное, Шөптікөл, Новоселовка, Возвышенка ауылдарының көшелері қалыпқа келтірілді. Алдағы жылы бірқатар жолдарды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.

Аудан әкімінің сөзінше, мұндағы халықтың 98 пайызы сумен қамтылыпты. Биыл бұл салаға аудан бюджетінен 91 млн. теңге бөлінген. Алда Дружба, Тахтаброд, Пески, Нежинка, Бірлік, Ломоносовка, Андреевка ауылдарын сумен қамту үшін жобалық құжаттар дайындалады.

Биылғы жылдың 10 айында ауданда 11864 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жақын күндері 50 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа тапсырылмақ. Әлеуметтік осал топтардан шыққан отбасылар үшін 16 пәтер сатып алынған. Серіктестіктердің қолдауымен 44 тұрғын үй салынған.

2029 жылдан бері ауданда 25 мектеп жөндеуден өтсе, биыл 3 білім ошағы жаңа кейіпке енген. Келер жылы жөнделетін тағы бірнеше мектептің жобалық құжаттары дайын. Оларды жөндеу, жабдықтау жұмыстарына жергілікті шаруашылықтар да өз үлесін қосуда.

Рузаевка ауылындағы медициналық нысан, аудандық аурухананың бір бөлімшесі жөнделуде. Аудандағы емдеу мекемелеріне 3 маман жұмысқа орналасқан.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp