“Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ”, – деп бекер айтпаған ғой. Адам қанша жасқа келсе де әкеге деген махаббат пен сағыныш көмескіленбейді екен.
Марқұм әкем – Көкен Қопышев 1921 жылдың күзінде қазіргі Жамбыл ауданындағы Ескене деген ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Сәби кезінде әкесінен айырылып, анасы мен жалғыз ағасының арқасында оқу оқып, қатарға қосылыпты. Мектеп табалдырығын 7 жасында аттап, туған жерінен 5 шақырымдай қашықтықта орналасқан Шоға ауылындағы орта білім ордасында оқиды. Әжем аялап өсірген перзентін күздің салқынына, қыстың аязды күндеріне қарамастан ауылға жаяу апарып тұрған екен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиындық оларды да айналып өтпеді. Жоқшылықтың, тұрмыстық ауыртпалықтың әсерінен жаңа құрылған “Преснов” кеңшарына қоныс аударуға мәжбүр болады. Аштықтың құрбаны атанбау үшін қаршадай ғана әкем үлкендермен бірге қара жұмысқа салынады. Десе де оқуын тастамайды. 1932-1934 жылдары Новорыбинкадағы Рождественко бастауыш мектебін бітіреді. Ал 1935 жылы Майбалық орта мектебінің 5-ші сыныбына қабылданып, интернатта оқи бастайды. Жастайынан оқуға құштар жан 9-шы сыныптан соң Қарағанды оқытушылар институтына барады. 1941 жылы қолына диплом алғаннан кейін Жамбыл ауданының Орталық ауылының жеті жылдық мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады.
Ол ауылдағы жас балаларды білім нәрімен сусындатуға кіріскен жылы елде сұрапыл соғыс басталып, бас көтерер азаматтардың барлығы қолдарына қару алып, майдан даласына аттанады. Менің әкем де ел басына күн туған кезде жердің шетін жаудан қорғау үшін аянып қалған жоқ. 1941 жылдың желтоқсанынан 1942 жылдың ақпан айының басына дейін Ақмола қаласында құрылған атты әскери дивизияда қатардағы жауынгер болады. Ақпан мен тамыз аралығында Саратовтағы артиллерия училищесінде оқиды. Қыркүйектің басында жас командир ретінде Сталинград майданына аттанады. Бұл сұм соғыстың қайнап тұрған кезі еді. Көп ұзамай Сталинград трактор зауытының жұмыс-шыларынан құрылған 125-ші миномет полкінің взвод командирі болып тағайындалады. Полк небәрі бес күн ішінде жасақталады.
Сталинград түбіндегі шайқастарда әкемнің полкі ерлік көрсетіп, жоғары басшылықтың барлық тапсырмаларын орындайды. Дені майданда шейіт болады. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” дегендей, әкем тағдырдың жазуымен аман қалады. Кейін Украина мен Молдавияны жаудан босатуға, Белградты азат етуге атсалысты. Сондай-ақ Венгрия мен Австрия жерлеріндегі Будапешт пен Вена қалалары түбіндегі қанды шайқастарға қатысты. Дастарқанның басында төрт көзіміз түгел отырғанда бұл ауыр кезеңдерді есіне алып, майдандас жолдастары туралы айтатыны бар еді. Әкемнің мына бір сөзі есімде сақталып қалыпты: “Өмір – күрес. Адам тәуекелшіл болуы керек. Сонда ғана басқа түскен қиындықты жеңуге болады”, – дейтін.
Соғыс аяқталғаннан кейін әкем Жамбыл ауданындағы Ортақшыл ауылына мұғалім болып оралды. Сол уақытта аудандық партия комитеті оған түрлі лауазымды қызметтер ұсынды. Десе де ол оқытушылық жұмысын қимады. Кейін еңбек жолын Баян мектебінде жалғастырды. 1948 жылдың жазында әкем бұрынғы Преснов аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болып тағайындалды. Қайда қызмет атқарса да өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындады. Нәтижесінде қарапайым халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, жергілікті ұстаздардың тұрмыс-жағдайын жақсартуға үлес қосты. Әкемнің көзін көргендердің аузынан оның қандай азамат болғанын естігенде жаным жадырай түседі. Менің дүниеге келуіме, тәрбие алып, оқу оқуыма сол жанның ықпал еткені көңіліме мақтаныш сезімін ұялатады.
Әкем бұрынғы Приишим аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1954 жылдан партия конференциясында аудандық партия комитетінің аймақтық хатшысы болып та қызмет атқарды. Бұл кезең елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру уақытымен тұспа-тұс келді. Қажырлы еңбегінің арқасында сол “Ленин” МТС-не қарайтын кеңшарлар үнемі алдыңғы шепте болып, мемлекет алдындағы міндеттемелерін бірінші қатарда орындап жүрді. Нәтижесінде 1956 жылы осы кеңшарлар үкіметке 2,3 млн. пұт астық тапсырып, қарамағындағы еңбеккерлер жоғары көрсеткіштері үшін түрлі наградалар иеленді.
Әкемнің білімге құмар жан болғанының тағы бір көрінісі – оның 1957-1961 жылдары Жоғары партия мектебінде оқығаны еді. Бұл, әрине, қызметінің жоғарлауына көмек болды. Сол кездері облыстағы ең ірі Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Оның ұйытқы болуымен тілшілер қауымына жақсы жағдайлар жасалды. “Новатор” газетінің мәртебесі артып, жергілікті жердегі журналистердің саны өсті.
Ұстаздық – ұлы мамандық қой. Қандай қызмет атқарса да әкем шәкірт тәрбиесінен қол үзгісі келмеді. Содан болар, ол 1970 жылы педагогикалық жұмысқа қайта оралды. Алдымен Жамбыл ауданына қарасты Озерный мектебін, Архангелка орта білім ошағын басқарды. Атқарған жұмысы елеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеудесіне таққан “Ерлігі үшін” медалі, бүгінде үйімнің төрінде тұр. Әкем әдебиетке де жақын еді. 1992 жылы бұрынғы “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне басылған мақалалары бар. Қазақтың ардақты ақындарының бірі Қадыр Мырзалиевтің “Өкінішті өткелдер” атты поэмасын талдап жазған мақаласы “Жұлдыз” журналында жарияланған. Рашид Бәдірленовпен бірге жазған “Іштегі запыран” атты сыни мақаласын көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін.
Алтай ҚОПЫШЕВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.