«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ТУРАЛЫ СӨЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жаға­сындағы құрақ”, – деп бекер айтпаған ғой. Адам қанша жасқа кел­се де әкеге деген махаббат пен сағыныш көмескі­ленбейді екен.

Марқұм әкем – Көкен Қопышев 1921 жылдың күзінде қазіргі Жамбыл ауданындағы Ескене деген ауылда қарапайым ша­руа отбасында дүниеге келген. Сәби кезінде әкесінен айыры­лып, анасы мен жалғыз ағасының арқасында оқу оқып, қатарға қо­сылыпты. Мек­теп табалдырығын 7 жасында аттап, туған жерінен 5 шақырымдай қа­шықтықта орна­ласқан Шоға ауылын­дағы орта білім ордасында оқиды. Әжем ая­лап өсірген перзентін күз­дің сал­қынына, қыстың аязды күндеріне қарамастан ауылға жаяу апарып тұрған екен. Өткен ғасыр­дың отызыншы жылдарындағы қиын­дық оларды да айналып өтпеді. Жоқшылықтың, тұрмыстық ауырт­палықтың әсерінен жа­ңа құ­рылған “Преснов” кеңша­рына қоныс аударуға мәжбүр бо­лады. Аштық­тың құрбаны атан­бау үшін қаршадай ғана әкем үл­кендермен бірге қара жұмысқа са­лынады. Десе де оқуын таста­майды. 1932-1934 жылдары Но­­во­рыбинкадағы Рождественко бас­тауыш мектебін бітіреді. Ал 1935 жылы Майбалық орта мектебінің 5-ші сыныбына қа­был­да­нып, интернатта оқи бас­тай­ды. Жас­тайынан оқуға құштар жан 9-шы сыныптан соң Қараған­ды оқыту­шылар институтына ба­рады. 1941 жылы қолына диплом ал­ғаннан кейін Жамбыл ауданы­ның Орталық ауылының жеті­ жыл­дық мектебіне мұғалім болып жұ­мысқа орналасады.

Ол ауылдағы жас балаларды білім нәрімен сусындатуға кіріскен жылы елде сұрапыл соғыс басталып, бас көтерер азамат­тардың барлығы қолдарына қару алып, майдан даласына аттана­ды. Ме­нің әкем де ел басына күн туған кезде жердің шетін жаудан қорғау үшін аянып қал­ған жоқ. 1941 жылдың желтоқсаны­нан 1942 жылдың ақпан айының ба­сына дейін Ақмола қаласында құ­рылған атты әскери дивизияда қатардағы жауынгер болады. Ақпан мен тамыз аралығында Сара­товтағы артиллерия учили­ще­сінде оқиды. Қыркүйектің басын­да жас командир ретінде Ста­линград майданына аттанады. Бұл сұм соғыстың қайнап тұрған кезі еді. Көп ұзамай Ста­линград трактор зауытының жұмыс-шы­ларынан құрылған 125-ші ми­номет полкінің взвод командирі болып тағайын­далады. Полк небәрі бес күн ішінде жасақ­талады.

Сталинград түбіндегі шайқас­тарда әкемнің полкі ерлік көрсе­тіп, жоғары басшылықтың барлық тап­сыр­маларын орындайды. Де­ні май­данда шейіт болады. “Қы­рық жыл қырғын болса да ажал­ды өледі” де­гендей, әкем тағ­дыр­дың жазуымен аман қалады. Кейін Украина мен Молдавия­ны жаудан босатуға, Бел­градты азат етуге атсалысты. Сондай-ақ Венгрия мен Австрия жерле­рін­дегі Будапешт пен Вена қала­лары түбіндегі қанды шайқас­тарға қатысты. Дастарқанның басында төрт көзіміз түгел отыр­ғанда бұл ауыр кезеңдерді есіне алып, майдандас жолдастары туралы айтатыны бар еді. Әкем­нің мына бір сөзі есімде сақталып қалыпты: “Өмір – күрес. Адам тә­уекелшіл болуы керек. Сонда ға­на басқа түскен қиындықты же­ңуге болады”, – дейтін.

Соғыс аяқталғаннан кейін әкем Жамбыл ауданындағы Ор­тақшыл ауылына мұғалім болып оралды.  Сол уақытта аудандық партия комитеті оған түрлі лауа­зым­ды қызметтер ұсынды. Де­се де ол оқытушылық жұмысын қимады. Кейін еңбек жолын Баян мектебінде жалғасты­рды. 1948 жылдың жазында әкем бұрынғы Преснов аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болып тағайындалды. Қайда қызмет атқарса да өзіне жүктелген міндеттерді жауап­керші­лікпен орындады. Нәти­жесінде қара­пайым халықтың мұң-мұқтажына назар аударып, жергілікті ұстаздардың тұрмыс-жағдайын жақсартуға үлес қосты. Әкемнің көзін көргендердің ау­зынан оның қандай азамат бол­ғанын естігенде жаным жадырай түседі. Менің дүниеге келуіме, тәрбие алып, оқу оқуыма сол жан­ның ықпал еткені көңіліме мақ­таныш сезімін ұялатады.

Әкем бұрынғы Приишим аудандық пар­тия комитетінде бөлім меңге­рушісі, 1954 жылдан партия кон­ференциясында аудандық пар­тия комитетінің аймақтық хат­шысы болып та қызмет атқарды. Бұл кезең елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру уақы­тымен тұспа-тұс келді. Қажырлы еңбегінің арқасында сол “Ленин” МТС-не қарайтын кеңшарлар үнемі алдыңғы шепте болып, мем­лекет алдындағы міндеттеме­лерін бірінші қатарда орындап жүрді. Нәтижесінде 1956 жылы осы кеңшарлар үкіметке 2,3 млн. пұт астық тапсырып, қарамағын­дағы еңбеккерлер жоғары көрсет­кіштері үшін түрлі наградалар иеленді.

Әкемнің білімге құмар жан бол­ғанының тағы бір көрінісі – оның 1957-1961 жылдары Жоғары пар­тия мектебінде оқығаны еді.  Бұл, әрине, қызметінің жоғарлауына көмек болды. Сол кездері облыс­тағы ең ірі Октябрь аудандық партия комитетінің хатшысы бо­лып сайланды. Оның ұйытқы бо­луымен тілшілер қауымына жақ­сы жағдайлар жасалды. “Но­ва­тор” газетінің мәртебесі артып, жер­гілікті жердегі журна­листер­дің саны өсті.

Ұстаздық – ұлы мамандық қой.  Қан­дай қызмет атқарса да әкем шәкірт тәрбиесінен қол үзгісі келмеді. Содан болар, ол 1970 жылы педагогикалық жұмысқа қайта оралды. Алдымен Жам­был ауданына қарасты Озерный мектебін, Архангелка орта білім ошағын басқарды. Атқар­ған жұмысы елеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеуде­сіне таққан “Ерлігі үшін” медалі, бүгінде үйім­нің төрінде тұр. Әкем әдебиетке де жақын еді. 1992 жылы бұ­рынғы “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне ба­сыл­ған мақалалары бар. Қазақ­тың ардақты ақындарының бірі Қадыр Мырзалиевтің “Өкінішті өт­келдер” атты поэмасын талдап жазған мақаласы “Жұлдыз” жур­налында жарияланған. Рашид Бәдірленовпен бірге жазған “Іш­тегі запыран” атты сыни ма­қала­сын көзімнің қарашығындай сақ­тап жүрмін. 

 Алтай ҚОПЫШЕВ,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp