Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ауылды дамыту мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Президент болып қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы Жарлығында “Мен ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл – менің жаңа президенттік өкілеттігім басталғаннан кейінгі алғашқы Жарлығым. Келесі жыл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға арналады. Ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек”, – деп атап көрсеткен болатын. 2022 жылы 26 қарашада қабылданған “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Үкімет осы кезеңді қамтитын бағдарламаны бекітті. Онда ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге басымдық берілген. Ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың нақты шаралары қарастырылған.
“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылып, адамдардың қалыпты еңбек ететін, қолайлы өмір сүретін мекеніне айналмақ. Түпкі мақсат – ауылдардың әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына баса мән беру. Жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынады, сапалы ауызсумен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет басқа да әлеуметтік желілер тартылады, жол сапасы жақсарады, халыққа қызмет көрсету орындары көптеп тұрғызылады деген сөз. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жылға 52 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл қаражат есебінен 11 мың адамға жеңілдікті несие беру жоспарланған. Қанатқақты жобаның ауқымын кеңейту мақсатымен 2024 жылы 12 мың адамға 74,6 млрд. теңге, ал 2025 жылы 76,7 млрд. теңге несие рәсімделмек. Сыйақының мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыз, мерзімі 7 жылдан аспайтын кепілмен қамтамасыз етілмек. Несиенің ең жоғары сомасы 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке тең болып, шамамен 7,9 млн. теңгені құраса, ірі кооперация үшін 8 мың айлық есептік көрсеткішпен 25,4 млн. теңге болмақ. Қасым-Жомарт Кемелұлы “Ауыл аманаты” жобасына қатысты: “Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты болуына күш саламыз. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады”,– деген міндет қойған еді. Бұл жобаны қаржыландыру өңдеу, өсімдік, мал шаруашылығын және ауыл шаруашылығы кооперативін жандандыру, басқа да бағыттағы бизнесті қолдау сынды бес салада жүргізіледі.
Осылайша тіршілігі тұралап қалған ауылдың бойына қайтадан қан жүгіріп, еңбек жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге, шекаралық аумақтарға да үлкен серпін беріледі деген үміт мол. Олай дейтініміз, жылдан жылға елді мекен тұрғындары азайып барады. Мәселен, 2013 жылы халықтың 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрса, 2023 жылы 38,2 пайызға дейін кеміген. Басты себеп – табыстың аздығынан, жұмыстың тапшылығынан көшу үрдісінің жылдам өсуі. Жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, еңбекке қабілетті адамдардың 41 пайызы қалалық жерлерге көшкенді қалайды. Өйткені 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, 400-ге жуығында апатты жағдайда. Сондықтан ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждары мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған ұлттық жобаның жүзеге асуына, бірінші кезекте Үкімет пен жергілікті атқарушы орындар мүдделі болуға тиіс.
Президент “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау талабын қойды. Біз “Ауыл аманаты” бағдарламасының елге аса қажет екенін жете сезініп отырмыз. Алдағы уақытта жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігуіне қажетті жағдайлардың жасалатыны қуантады. “Ғайса” ЖШС – тарап кеткен кеңшардың орнына келген шаруашылық құрылымдарының бірі. Ағайынды төртеуіміз бастапқыда 100 гектар жерді игеріп, уақыт өте келе егістік көлемін ұлғайттық. Негізінен дәнді дақылдар өсірумен шұғылданамыз. Соңғы кездері майлы дақылдар да егіледі. Бұдан бөлек, мал өсіреміз. Бүгінде көптеген фермерлер “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның “Кең дала” бағдарламасын кеңінен пайдаланып жүр. Біз де солардың қатарындамыз. Әсіресе көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде рәсімделетін несие жеңілдіктері қарастырылған. Әр ауданда АҚ-ның филиалдары құрылған. Ел бойынша несие беру мөлшерінің екі есеге дейін ұлғаюы несиелік шарттардың тиімділігін және қолжетімділігін аңғартса керек. Қазақстанда 2002 жылы құрылған кредиттік серіктестіктердің саны қазір 208-ге жетіп отыр. Екіжақты қатысушылардың ортақ жауапкершілігі арқасында тұрақтылықпен қоса өзара берік сенім қалыптасқан. Жалпы қарыздардың қайтарымы 98 пайызды құрайды. Алғашқыда “Достық” КС-тің қызметіне жүгінгендердің қатары 25 болса, қазір 50-ден асып жығылады. Біз “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның басқа да бағдарламаларына қатысамыз (негізгі құралдарды сатып алу, айналым қаражатын толықтыру және тағы басқалар). Меніңше, мемлекет тарапынан мұндай қолдау көрсетілмесе, техника, тұқым, тыңайтқыш, гербицид сатып алу мүмкін болмас еді. Сынақтан өткен бидай тұқымдары аудандастырылған (“Айна”, “Ликамеро”, “Любава-5”). Астық жинауға заманауи егіс кешендері қатыстырылады. Лизинг бағдарламалары мен инвестициялық субсидиялар көмегіне де жүгінеміз. Құрғақшылық болғанның өзінде мол өнім алуға мүмкіндігіміз көп.
Жолдауда егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгені айтылды. Шынында да егіс түрлерін көбейтуден, көбірек пайда әкелетін дақылдарды еккеннен, суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін өсіруді шектеуден, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешуден ұтарымыз көп. Қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялы сала саналатындықтан, шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер, заманауи ғылым ғана табысқа жеткізеді. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы да агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Осы себепті “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” алдына ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды талаптың қойылуы, нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруда жәрдемдесу рөлінің арттырылуы өте құптарлық. Есіл ауданында әртараптандыру нәтижесінде соңғы 5 жылда майлы дақылдардың көлемі 26,5 мың гектарға немесе 61 пайызға, шаруа қожалықтарының саны 41-ден 76-ға дейін өскен. 3 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 10,2 млрд.теңге болатын 5 жоба пайдалануға берілмек. Қарағаш ауылының кіре берісіндегі 20 шақырым жол республикалық бюджет есебінен қалпына келтірілді. Бірақ технология дұрыс сақталмағандықтан, сапасына сын айтушылар аз емес. Соның салдарынан негізгі ауыртпалық шаруа қожалықтарына түсіп жатады. Кем-кетігін бүтіндеуге мәжбүрміз. Бұдан бөлек, су тазарту жүйесі жаңартылды. Сырттан көшіп келген қандастарымыз жұмысқа орналастырылып, барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Нәтижесінде ауыл тұрғындары 189-ға дейін көбейіп, негізгі мектепте 38 бала білім алады. Жалпы облыста тұрғындардың қатары кеміп әрі “қартайып” бара жатқанын, әр бесінші тұрғынның зейнеткер екенін ескерсек, жас отбасылардың көптен қоныс аударуына мүдделіміз. Кадр тапшылығы өзекті болып тұрған кезде мұндай қадам аса маңызды.
Жолдауда Әділетті Қазақстан құру қоғамдық сана, азаматтардың ниетіне тығыз байланысты екені қадап айтылды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың жолдары көп. Соның бірі – жастардың бойына отаншыл, білімпаз, еңбекқор қасиеттерді сіңіру. Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Адал азамат” тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Бұл орайда ауылымызда үлгі-өнеге алатын тұстар аз емес. Намазхана, шағын футбол алаңы салынды. Мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Демеушілік, қайырымдылық істерге белсене атсалысамыз. 2020 жылы “Жомарт жүрек” сыйлығының жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысып, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды тиімді жүзеге асыруға, маңызды іс-шараларға бас демеуші болғаным үшін “Ерен еріктілік” аталымын жеңіп алдым.
Барша қазақтың алтын бесігі, тұрмыс-тіршілігіміздің қайнар көзі – ауылдарды дамытуға арналған жобалар мен іс-қимыл жоспарлары біріктіріліп, жүйелі мақсатта орындалатын болса, ажары кіріп, ахуалы оңалары анық.
Біржан ҒАЙСИН,
“Ғайса” ЖШС-ның директоры.
Есіл ауданы.