«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДЕГІ БӨДЕНЕ ФЕРМАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы Сағитовтар отбасы бөдене фермасын ашты. Бұл кәсіпті жақында бастаған ерлі-зайыпты құйылған инвестиция екі жылдан кейін өз жемісін беріп, ферма пайда әкеледі деген сенімде.

Жаңадан ашылған бөдене фермасы – “Ауыл аманаты” бағдарламасының жемісі. Отағасы Радик Сағитовтың айтуынша, олар бағдарлама аясында 5 жыл мерзімге 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие алған.

“Жобаның жалпы құны шамамен 14 млн. теңгені құрады. Бізге “Ауыл аманаты” бағдарламасы көмектесті. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы толық ақпарат беріп, қолдау көрсетті. Қажетті құжаттарды жинап, несие алдық.  Бөдене фермасының пайдасы жоғары, өнімге қашан да сұраныс бар, әрі отбасылық бизнес, өзіміз тұтынсақ та қажетімізге жарайды”, – дейді Радик Сағитов. 

Шағын бөдене фермасы үй маңында орналасқан. Әзірге онда 1,5 мың құс ұстауға болады. Қажетті жабдықтарды жергілікті компания жасап берген. Желдету, жылыту және жемазық беру автоматтандырылған.

“Әрқайсысына 200 жұмыртқа сиятын 3 инкубатор алдық. 17 күнде балапан шығады. Кейін арнайы орында 21 күн өсіп жетіледі. Ал 46 күннен кейін жұмыртқалай бастайды. Қазір фермада техас және эстониялық 300-ге жуық бөдене бар. Оларды бірге ұстауға болады”, – дейді кәсіпкер.

Радик Сағитовтың айтуынша, бір бөдене айына 25 жұмыртқа береді. Қазіргі міндет – ферманы мекиендермен толтыру. Толық қуатына көшкен кезде күніне 1500-ге дейін жұмыртқа алмақ. Өнімді өткізуде мәселе туындамауы  тиіс. Петропавлдағы ірі супермаркеттермен, жергілікті мейрамханалармен келісімшарт жасасқан.

Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” бағдарламасын өңірде іске асыруға республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Өңірде бағдарламаның операторы – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы. Биыл облыс тұрғындары осы жобаның игілігін көру үшін 250 өтінім берген екен. 

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp