«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Желтоқсан құрбанын еске алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екі жылғы коронавирустық үзілістен кейін жерлесіміз, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Нұржан Қалиасқаровты еске алу турнирі қайтадан жанданып, осымен 25-ші мәрте  жалауы желбіреді. Спорттық жарысты тамашалауға батыр оғланның туыстары, қоғамдық ұйым және зиялы қауым өкілдері келді.

Турнирдің ашылу рәсімінде      Н.Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” ұйымының төрағасы Өмір Есқали, Абай атындағы гимназияның директоры Шегебай Нұрғожин сөз алып, қазақтың өрімдей қыз-жігіттерінің әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы тайсалмастан қарсы шығып, ел тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік тұлғасына, 17 желтоқсанда аталып өтетін Демократиялық жаңару күнінің маңызына тоқталды.

Облыстық әкімдіктің қолдауымен, дене шынықтыру және спорт басқармасының, сонымен бірге “Желтоқсан” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Абай атындағы  қалалық қазақ гимназиясының спорт залында өткен жарыста 13 волейбол командасы бас қосты.  

Аса тартысты өткен ойындар барысында төрт топқа бөлінген командалар арасынан ең мықтылары ақтық сайысқа жолдама алды.

Үшінші орын үшін таласта №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені мен Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының волейболшылары кездесіп, алдыңғысының мерейі үстем болды. Ал ақтық бәсекеде облыстық полиция департаментінің командасы алаң иелерінен басым түсті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, грамоталар, ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді. Әдемі ойын өрнегін көрсете білген жекелеген ойыншылар да атаусыз қалмады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретте: облыстық полиция департаментінің командасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp