«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аязда абай болайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бірнеше күннен бері сақылдаған сары аяз бетті қарып тұр. Қызылшұнақ қаһарына мінерден бірер күн бұрын төтенше жағдайлар департаменті елге ескерту жібергенімен, елеген адам бар ма десеңізші. Жолда қалған жолаушылар, үсік шалған адамдар құтқару қызметінің де, дәрігерлердің де жұмысын көбейтті. Өткен аптада Петропавлда  9 адамды үсік шалды. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды.

Облыста сынап бағанасы минус -30-дан түспей тұрғанына бірнеше күн болды. Оқушылар, студенттер қашықтан оқуға ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша, қалалықтар аязға қарамастан аяқтарына жұқа аяқ-киім киіп, қолғапсыз далаға шығуға құмар-ақ. Салдарынан саусақтарын үсік шалып, медициналық мекемелерге жүгінген. Сондықтан мамандар аязды күндері барынша сақ болу қажеттігін қайталауға мәжбүр.

– Көмекке жүгінгендердің дені – далада жұмыс істейтіндер. Олар аязда аяқ-қолдарын үсітіп алып жатады. Қазір төрт қала тұрғыны ауруханада ем қабылдап жатыр.  Ал қалған бесеуі үйінде емделеді. Су өткізбейтін, табаны қалың аяқ киім киген абзал. Аязда темір, күміс, алтын әшекейлер тақпаған дұрыс. Құлақ пен бетіңізді міндетті түрде жауып жүріңіз. Мұрын тез тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Қатты суықта тек мұрынмен демалыңыз, – дейді көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы травмотология орталығының меңгерушісі Валерий Грибашов. 

Аязды күндері облыс полицейлері де күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде  қолайсыз ауа райының “қақпанына” түскен жүк көліктерінің жүргізушілері құтқарылды.

“Volvo” көлігін тізгіндеген Беларусь елінің азаматы көктайғақтан рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен.  Құтқару іс-шаралары 4 күнге созылды. Көлікті жолға шығару үшін жүкті басқа көлікке қайта тиеуге тура келді. Аяздың салдарынан Сенжарка ауылының маңында 21 тонна қиыршық тас тиеген “Shacman” жүк көлігі жол жиегінде қаңтарылды. Жүргізуші үйіне жіберіліп, ал полицейлер көлікті күзетіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

– Барлық жүргізушілерге төтенше жағдайлар қызметінің sms-хабарламаларын мұқият оқып, алыс сапарларға шықпау туралы ескертеміз.  Солтүстік Қазақстанның құбылмалы ауа райында жүргізушілер жолда сақ болғаны жөн, – дейді облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы, полиция капитаны Руслан Кучумов. 

 Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp