Шал ақын ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында аудан әкімі Рахат Смағұлов баяндама жасап, бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Аудан әкімінің сөзінше, бюджет көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артып, салықтық түсімдер 15 пайызға көбейіп, 8,4 млрд. теңгеге жеткен. Деректерге сенсек, мұндағы орташа жалақы 234 мың теңгенің маңайында. Жыл басынан бері ауданға 17,9 млрд. теңге инвестиция тартылса, соның 90 пайызы жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Биыл құны 10 млрд. теңге болатын 7 ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында тауарлы-сүт фермаларын салу, астық қабылдау, сақтау, тұқым даярлау нысандарын ашу, сүт өңдеу, қой фермасын ашу сияқты жобалар бар. Бұдан бөлек 1995 жылы жұмысы тоқтаған суару каналы қайта қалпына келтіріле бастаған. Кезінде 4 ауданды қамтып, Үлкен және Кіші Тораңғұл көлдерінің су деңгейін бір қалыпта ұстап тұрған канал қайта іске қосылса мал азығын даярлау, көкөніс, картоп өсіру ісі алға баспақ. Биыл ауданда алғаш рет жаңбырлатып суару жүйесі іске қосылып, “Асыл Фармс” серіктестігі 400 гектар жерді америкалық құрылғылармен суаруға көшкен.
Биыл аудан диқандары 202 мың гектардан дәнді, бұршақты дақылдар, 45 мың гектардан майлы дақылдар, 2,3 мың гектардан картоп, 200 гектардан көкөніс жинаған. Дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 11,4 центнер болса, майлы дақылдар 9,1 центнерден айналыпты. Соңғы екі жылда 19 мың гектар шабындық, жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Соңғы 2 жылда Шал ақындағы 245 километр жол жөнделіп, оның 158-іне асфальт төселген. Биыл Сергеевка мен Николаевка ауылын жалғайтын жолды жөндеу басталыпты. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 7 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін Жаңажол, Бірлік, Қаратал, Арай, Ыбыраев ауылдарының көшелері жөнделген. Биыл Сергеевка қаласының көшелерін жөндеуге 1,8 млрд. теңге бөлінсе, келер жылы тағы 1 миллиардтан астам қаржы қарастырылмақ. Осылайша аудан орталығындағы көшелердің 70 пайызы қалыпқа келтірілмек. Келер жылға Афанасьевка, Городецкое, Крещенка, Куприяновка, Жалтыр, Ступинка мен Кеңес ауылдарының көшелерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Кривощёково-Афанасьевка-Садовка бағытындағы автожолды, Арай ауылынан Соколов көпіріне дейінгі аралықты асфальттау бойынша жобалар қолдау тауып, мердігерлер анықталған.
– Биыл ауданда Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап, Ступинка, Семиполка, Повозочное ауылдарын Преснов топтық су құбырына қосу үшін екі жоба жүзеге асуда. Мерген, Жалтыр, Крещенка ауылдарын Есіл су құбырына жалғау жұмыстары да жалғасуда. Осылайша келер жылы 10 елді мекен таза ауызсуға қол жеткізеді. Шағын ауылдарда суды тазарту жүйесі бар кешенді 12 блок-модуль орнату жоспарда бар. Осылайша 2025 жылға қарай ауданды түгелдей сапалы ауызсумен қамтимыз, – деді аудан әкімі.
Биыл Шал ақындағы 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Тағы 9 білім ошағының тиісті құжаттары дайын. Оның екеуі “Ауыл – ел бесігі” жобасының аясында қаржыландырылмақ. Мұндағы білім ордаларына 40-тан астам жас маман келіпті. Жергілікті агроқұрылымдар үш ауылда медициналық нысандардың салынуына қолдау көрсеткен. Келер жылы Ұлттық жоба аясында Семиполка, Ақанбарақ, Мерген ауылдарында фельдшерлік-акушерлік, медициналық пунктердің құрылысы басталады.
Ыбыраев ауылында жаңа клуб пайдалануға берілсе, Новопокровка, Арай елді мекендеріндегі мәдени нысандар жөндеу көрген. Семиполка, Сухорабовка, Ақанбарақта мәдени-сауықтыру орталықтарын салу жоспарланып отыр. Ауданда жеке шаруашылықтар есебінен бірнеше спорттық нысан бой көтерген.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.