“Бір ауыл – бір өнім” жобасының жеңімпаздары үшін кәсіпкерлер палатасының алаңында Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінің және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
Аталған жобаның мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру. Оған қатысуға өңірден 15 кәсіпкер өтінім беріп, олар өз өнімдерін “Бір ауыл – бір өнім” көрмесінде ұсынған еді. Көрме қорытындысы бойынша байқаудың екінші кезеңіне 10 қатысушы өтті. Өткен аптада олардың жобаларын өңірлік бренд-комитет мүшелері қарап, үш жеңімпазды анықтады. Олар – жеке кәсіпкерлер Ярослав Пилипушко, Лариса Первушина және Ольга Даншина.
– Жеңімпаздарға кәсібін дамыту үшін маркетингтік сүйемелдеу көрсетіледі. Ол үшін кәсіпкерлер қазақстандық өндірушілер мен шығарылатын өнімдерге қойылатын бірқатар рәсімдер мен талаптарды сақтауы қажет. Оларға техникалық және санитарлық нормалар туралы толық түсінік беру мақсатында мемлекеттік органдармен кездесу ұйымдастырылды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Сондай-ақ кездесу барысында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігінің әртүрлі аспектілері, соның ішінде өндіріс, сақтау және тасымалдау үдерісіне қойылатын талаптар талқыланды. Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің өкілдері өнімді сертификаттау рәсімін егжей-тегжейлі түсіндіріп, тиісті рұқсаттарды алу үшін қажетті құжаттар туралы айтып берді.
Бұл кездесу жоба жеңімпаздары үшін пайдалы болды. Олар өнімдерінің сапасын жақсартуға, қазақстандық өндірушілерге қойылатын барлық талаптарға сай болуға көмектесетін құнды кеңестер алды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.