Озық ойлы, жаңаша көзқарасы бар жастар кәсіптің қай бағытында да өзгерістер жасап, жаңа салалардың қыр-сырын меңгеріп келеді. Заманмен бірге адымдайтын, жаңаға жаны құмар жастардың еркін ойлап, батыл шешімдер қабылдай алатыны қуантады. Әсіресе жастар шығармашылығы саласында қолға алынған тың жобалар ертеңнен көп үміт күттіреді. Сондай игі бастамалардың бірі ретінде биыл ғана облыс орталығында өз жұмысын бастаған “MoonSound” дыбыс жазу студиясын ерекше атауға болады.
“MoonSound” – жас музыканттарға түрлі қызметтер көрсетіп, қабілеттерін шыңдайтын заманауи өнер алаңы. Мұнда өнерпаздар дыбыс жазу, өңдеу қызметтерін пайдаланып, вокал, аспапта ойнауды меңгере алады. Аталған студияны өнер колледжінің дарынды түлектері бірігіп ашқан. Өңірімізде мұндай орындар саусақпен санарлық қана болғанымен, олар бұл саланың кеңінен танылып, сұранысқа ие боларына сенімді.
– Біз өнер колледжін тамамдағаннан кейін де өмірімізді музыкамен байланыстырғымыз келді. Тамерлан Сахатов екеуіміз бір жылдай осы саланың қыр-сырын зерттеп, талпыныстар жасап, нәтижесінде өз жобамызды жүзеге асырдық. Қажетті құрал жабдықты кәсіби мамандармен кеңесе отырып, шетелден арнайы алдырдық. Бүгінде мұнда келушілерге заманауи соңғы үлгідегі құрылғылармен сапалы қызмет көрсететін мүмкіндігіміз бар, – дейді студия жетекшісі Абылайхан Ақмағамбет.
Расында да бүгінде Қызылжарда ән өнеріне талаптанып, өз дарындарын жетілдіріп жүрген жастар көп-ақ. Енді олар аталған студияда бас қосып, жаңа туындыларын таспаға жазып, көпшіліктің көзайымына айнала алады. Бұл – тек сахнаға енді шығып жүрген әншілерге ғана емес, жергілікті сазгерлер үшін де таптырмас мүмкіндік. Одан бөлек мұнда музыка мектебі де жұмыс істейді. Келушілер вокал, домбырамен ән айту, аспапта ойнау сияқты өнер түрлерінен сабақ алады.
Өнер адамымен жұмыс істейтін жанның өзі де өнерге жақын болғаны жөн. Өйткені дыбысты таза жазу, сапалы өңдеу, алғаш рет айтылғалы тұрған ән мен әуеннен тыңдарманның жүрегін тербейтін туынды жасап шығару асқан шеберлікті қажет етеді. Осындай бір музыкалық туындының иін қандырып, дайын күйге жеткізу үшін кейде бірнеше күн аздық ететін кездер де болады екен. Мұндағы өз ісіне шебер мамандар қай кезде де шығармашылық жұмыстың қиындығынан қашқан емес. Керісінше алдарына келген адамға кеңес беріп, білгендерімен бөлісуге дайын.
– Бұл сала қаламызда енді-енді қанат жайып келеді. Дыбыс жазуға келушілердің саны аз емес. Келешекте туындыларымызды отандық нарыққа шығарып, шетелдік тыңдармандарды да тәнті етуді көздеп отырмыз. Заманауи өнер жаңа өзгерістер мен тың идеяларды қажет етеді. Біз өз жобамыз арқылы қазақ өнерінің дамуына үлесімізді қосып, жастар шығармашылығын шыңдауды мақсат тұтудамыз. Егер әр адам өз ісіне шын жүрегімен кіріссе, әр бастаған кәсіп берекелі болады деп ойлаймын, – дейді өнерге құштар жастар.
Креативті индустрияға ерекше назар аударылып отырған қазіргідей уақытта “MoonSound” сияқты жобалардың жұртшылыққа берері мол болмақ. Өнерге бар күш-жігерін арнап, шын ниетімен кіріскен Абылайхан Ақмағамбет пен Тамерлан Сахатовтың еңбектері жемісін беріп, көпшіліктің алғысын алып жатса, бұл өзге жастарға да үлгі болмақ. Енді ғана көпке танылып, халықтың қызығушылығын оятып келе жатқан студиядан күні ертең танымал өнер жұлдыздары өсіп шығады деп сенеміз.
Әсел АЗАТ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.