Өмірде жүрегі қалаған мамандығын жаңылыспай тауып, кәсіби шеберлік шыңына шыға білгендіктен, жасы егде тартса да жастардан қалыспай, жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген майталмандар аз емес. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі, “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің иегері Қасым Нұрғалиев.
“Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай шабытпен кірістім”
Ол мектеп табалдырығынан аттап, сауатын ашысымен ауыл кітапханасындағы ертегі-дастандар мен балаларға арналған көркем шығармалардың бәрін бастауыш сыныптарда оқып тауысты. Сондықтан болар, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қақыжан Бейсеновтің сүйікті шәкіртінің бірі болды. Болашақта сол ұстазы сияқты мұғалім болуды армандады. Алайда кеңес өкіметі тұсында еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып, орысша оқытуға көшіріліп жатқандықтан, Дәуқара ауылына жақындау орналасқан Көкшетау мен Петропавл қалаларындағы педагогика институттары қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлаумен айналысқан жоқ. Ал ондай жоғары оқу орындары бар шалғайдағы Қарағанды және Алматы қалаларына барып, оқуға түсуге Қасымның отбасылық жағдайы мүмкіндік бермеді. Амалсыздан Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықты. Бірақ қолы боста көркем шығармаларды қызыға оқып, бала кезден бойына жұққан жазылмас “дерті” – өлең жазумен де айналысты.
Ол кеңшарда қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып істеп жүрген кезінде республикамыз өз егемендігін жариялап, солтүстік өңірлерде ана тілімізді қайта өркендету шаралары қолға алына бастады. 1991 жылы Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы педагогикалық институтта қазақ тілі мен әдебиеті факультеті ашылды. Осы жайлы жағымды хабар құлағына тиісімен кеудесіндегі бала арманы қайтадан атойлап шыға келді. Дереу аталған факультеттің сырттай оқыту бөліміне құжат тапсырды.
“Алғашқы емтихан – қазақ тілі тақырыбындағы шығарманы өлеңмен жаздым. Егемендік декларациясы қабылданар тұста “Қазақ тілімен қатар, орыс тілі де мемлекеттік тіл болуы керек” деген пікірді жақтап сөйлеген белгілі академиктің сөзін теледидардан естігенде ана тілімізді зерттеп, том-том кітап шығарып жүрген ғалым ағамыздың әрекетіне жаным күйінген еді. Шығармамда сол кісіні қатты сынадым. Мұным институтта әжептәуір резонанс туғызып, әлгі академиктен білім алған оқытушылар маған: “Сен біздің ғалым-ұстазымызға тіл тигіздің”, – деп ренжіді. Бірақ мән-жайды түсіндіргеннен кейін сол ұстаздарымның бәрімен сыйласып кеттім”, – деп еске алды Қасым Нұрғалиұлы.
Сөйтіп ол ұстаздық жолын 35 жасында бастады. Тек сабақ берумен шектелмей, өлең жазуын жалғастырып, Қожаберген жырау, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсіреповтің мерейтойларына арналған облыстық мүшайралардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Бұған қоса, ауыл балаларының бойындағы ақындық, айтыскерлік өнердің көзін ашуға тырысты.
“Орынбай, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мұса, Кәкімбек сынды ақиық ақындар шыққан біздің Айыртау өңірінде ақындық-айтыскерлік өнердің ұмытыла бастағандығы намысымды қамшылады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Дәуқара орта мектебінің жанынан ақындық мектеп аштым. Нәтижесінде шәкірттерім Айыртаудың да, Қызылжардың да атын шығара бастады. Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин өзінің күнделігінде алғашқы мұғалімдік жолы жайлы: “Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай шабытпен кірістім”, – деп жазған екен. Менде де осындай сезім болды. Оқушылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, нәтижеге жетуге тырыстым”, – дейді Қасым Нұрғалиұлы.
Ол ұстаздық еткен 32 жыл ішінде 25 шәкірті өзінің жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атанған екен. Қазіргі кезде 5 оқушысы осы мамандықты мемлекеттік грант арқылы меңгеріп жүр. Ауыл ұстазының “Шығармашылық жұмыстар арқылы оқушылардың тіл мәдениетін дамыту” тақырыбындағы әдістемесі 2018 жылы облыс мектептеріне таратуға ұсынылған.
Ұстаз мақтанышы — оқушылары
Қасым Нұрғалиұлы өзінен гөрі өз шәкірттері жайлы айтқанды ұнатады. Олардың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанып, балаша мәз болып жүреді.
“Бір жылы суырыпсалма ақын шәкіртім Мұхаммед Қоңқаевты облыстық “Мағжан оқуына” апардым. Өзім – қазылар алқасының мүшесімін. Жас ақындардың өлең жазуы үшін маған еркін тақырып беру ұсынылды. Мен өз шәкіртім сайысқа қатысатын болғандықтан, күдік тумасын деп бас тарттым. Бірақ өзге қазылар еш тақырып ұсынбады. Сол сәтте біздің алдымыздағы үстелге бір қыз құмыраға салынған гүл әкеліп қойды. Мен: “Егер қазылар басқа тақырып таппаса, онда байқауға қатысушылар ұлы Мағжанның қасіретті тағдырымен байланыстырып, “Құмырадағы гүлдің мұңы” деген өлең жазсын”, деп едім, бәрі қолдап шыға келді. Сол жолы Мұхаммедтің шығарған өлеңіне қазылар да, жиналған жұрт та разы болып, бас жүлде берілді. Кейін сол өлеңі “Soltüstık Qazaqstan” облыстық газетінде жарияланды.
Тағы бірде 9 сыныпта оқитын шәкіртім Руслан Дөкетбаев облыстық телеарна ұйымдастырған айтысқа қатысты. Қарсыласы Есіл ауданынан келген 11 сынып оқушысы болып шықты. Басындағы бөркі, үстіндегі шапаны, аяғындағы етігі – бәрі қызыл түсті, өте жарасымды екен. Жұпынылау киінген Руслан соны байқап, біртүрлі ыңғайсызданып қалды. Соны сезіп, оған: “Сен одан қаймықпа. “Қызыл етігің қандай әдемі еді қыздардікі секілді”, деп әзілдеп, мақтап баста. Сонда ол саған не деп тиісерін білмей қалады”, – дедім. Руслан айтқанымды екі еткен жоқ. Қарсыласы мұндай мақтауды күтпесе керек, ол да Русланды мақтай жөнелді. Қорқынышын басып, бойын үйретіп алған соң Русланым шабытқа мініп, қарсыласын сөзбен төпеп ала жөнелді. Ақыры жеңіп шықты.
Бертінде он бірінші сыныпта оқитын ақын шәкіртім Гүлзат Қалым “Абай әлемі” халықаралық конкурсына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Бірақ соны айғақтайтын медалін беру кешіктірілді. Күте-күте шыдамы таусылған соң Гүлзат маған келіп: “Ағай, не істейміз?”, – деді. Мен оған: “Қасым Аманжоловтың “Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды” деген өлеңін білесің ғой, комиссияға соған ұқсас арыз-өлең жаз дедім. Гүлзат бірден:
“Бермесең, бермей-ақ қой медаліңді,
Сатпаймын медаль үшін мен арымды.
Өлеңнің даңғылына шығып алып,
Басамын алға қарай педалімді”, – деген бір ауыз өлең шығарды. Дереу Алматыдағы комиссия төрағасына факспен жібердік. Іле: “Медаліңді жібердік. Өлеңің күшті екен, бәріміз бір күліп алдық”, – деген жауап келді. Осылайша шәкірттеріммен әзілдесіп-қалжыңдасып, оларға кез келген тығырықтан шығып, жеңіске жету жолын табуды, артық кетпеуді, әдептен шықпауды, мақтаншақтықтан аулақ болуды, сахнада да, көпшілік арасында да өздерін мәдениетті, сыпайы ұстауды айтып отырамын. Ұстаз бен шәкірттің арасында бәрін айтқызбай түсінетіндей жағдай болғаны абзал. Өз басым оқушыларымның ешқайсысына ұрсып-зекіп көрмеппін. Біз кезінде кей мұғалімдерімізден шапалақ жеп, кертоқай алсақ та, мұндай әрекет нағыз ұстазға жараспайды деп санаймын. Балаларға сенім артып, шабытын шақыруға, намысқа тырысуына жағдай жасасаң, олардың алмайтын асуы болмайды деп санаймын”, – деп түйіндеді ол өнерпаз оқушылары жайлы сүйіне әңгімелей келіп.
Қасым Нұрғалиұлы қазір өзімен қатарлас ұстаздық етіп жүрген облыстық ақындар мүшайрасының жеңімпазы Ажар Ақжігітова мен ақын, әнші Сәуле Мәжікееваны, жоғары оқу орындарында оқып жүрген болашақ мұғалімдер – айтыскер ақын Заманбек Әлібеков пен әнші, термеші Аяжан Сұрағанды, сондай-ақ 10-шы сынып оқушысы, республикалық “Абай әлемі” байқауының жүлдегері, облыстық ақындар мүшайрасының жеңімпазы Қарлығаш Көкенесова сынды шәкірттерін де мақтан тұтады.
Шәкірттер шерткен сыр
Қасым Нұрғалиұлының сан сайыста оза шауып, бәйге алып жүрген шәкірттерінен өз ұстаздары жайлы сыр тарттық. Бәрі де қуана келісті.
“Мен әдебиеттен гөрі математика пәнін сүйіп оқып, өскенде прокурор болуды армандап жүр едім. Бірақ Қасым ұстазым мені бесінші сыныптан ақындыққа тәрбиеледі. Болашағымды болжаған болар, арманымды басқа арнаға бұрды. Сөздік қорымды байыту үшін көркем шығарма оқытып, қисса-дастандарды, өлең-жырларды жаттатқызды. Байқаудан жүлдегер болып келсем де, тоқмейілсіп кетпесін деп, үнемі қарсыластарымды мақтап, мені қайрап отырды.
Дайындық кезінде ғана емес, Қасым ұстаз ақылын кез келген уақытта беретін және ғибратты кітаптан ғана емес, өз айналамнан да алуым керектігін айтатын. Қасым ағаммен бірге аңшылық, саятшылық құрған уақытта құстың ұшқаны, иттің жүгіргені, жылқының дүбірі, желдің ескені, орманның шулағаны – бәрі тұнып тұрған өлең екенін білдік. Ақындық өнермен қатар, өмірде жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды, обал мен сауапты айыруды үйретті. “Жүрегіңде өлеңің барда әрдайым орның төрде болады” деген сөзін қазір елдің ықыласына бөленіп, қошеметін көріп жүрген кезде түсіндім”, – деді айтыскер ақын, “Қазақ тілі” халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Мұхаммед Қоңқаев.
“Қасым ұстазымыздың тәлімі мен тәрбиесін көрген оқушылар сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі, өнерлі, адамгершілік қасиеттері мол, рухани бай азаматтар болып өсті. Бәрі де оны қадірлеп, үлкен құрметпен қарайды.
Мектепте оқып жүрген кезімде Қасым Нұрғалиұлы ұстазыммен бірге мәнерлеп оқу сайыстарына, шығарма жазу байқауларына, пән олимпиадаларына қатыстым. Содан жинаған тәжірибемді қазір өз қызметімде қолданып, шәкірттерімді әртүрлі байқауларға қатыстырып жүрмін.
Тәлімгерім ретінде ол кісіден үйренерім көп. Еңбексүйгіштік, жауапкершілік, ақкөңілділік, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты игі қасиеттеріне тәнтімін. Ұстаздық жолға жаңа түскен шағымда да берген бағыт-бағдары, үлгі-өнегесі маған көп септігін тигізді”, – дейді мұғалім, ақын, облыстық “Жүзден жүйрік” байқауының жеңімпазы Гүлдария Қайырлинова.
“Қазақтың әр ауылы тума талантқа бай. Тек сондай бұлақтардың көзін ашатын Қасымдай тұлғалар сирек. Біздің Дәуқараға осындай азаматты берген Құдайға рақмет. Ұстаздық қызметінде бір оқушыға дауыс көтеріп, ұрысқанын көрмеппін. Және ол кісінің бойындағы даналықтың мысын сезгенде-ақ артық сөз, оғаш қылығымыз өзінен-өзі бұға қалатын. Қасым Нұрғалиұлы қаншама шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде біреуі тойдағы тілегін әсерлі жеткізсе, бір шәкірті сол тойды басқарып жүр. Бір шәкірті ұстаздық жолда болса, екіншісі облыстың намысын республикада қорғап жүр. Бір шәкірті театр жолында, халықтың мәдениетін дамытса, бір шәкірті әдебиетіне үлес қоссам дейді. Айналып келгенде, барлығы – іргетасымызды сөз өнерімен мықтап қалаған Қасымдай ұстазымыздың еңбегі”, – дейді мұғалім, айтыскер ақын, республикалық Абай, Махамбет, Мағжан оқуларының жеңімпазы Дәулет Құрмаш.
Қасым Нұрғалиев – туған ауылының көкейкесті мәселелерін шешуге де аянбай атсалысып жүрген белсенді азамат. Мәселен, Дәуқарадан аудан орталығы – Саумалкөлге баратын автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін билік органдарының алдында талай көтеріп, ақыры оң шешілуіне қол жеткізді. Көршілес бес ауылдың жері аукционда заңсыз сатылып кетпеуі үшін ауылдастарының аманатын арқалап, Жоғарғы сотқа дейін барып, әділ шешім қабылдануына ықпалын тигізді. Ауылдағы алқалы жиындарда сөз бастаушы да – Қасым Нұрғалиұлы. Орны – әрдайым төрде. Жуырда оған Айыртау аудандық мәслихатының шешімімен “Айыртау ауданының құрметті азаматы” атағы берілгендігі де – лайықты құрмет. Ал мектеп басшылығы бүгінде жасы жетпіске таяп, ауыл ақсақалы атанған ардақты ұстазды зейнет демалысына жіберуге қияр емес.
“Қасым Нұрғалиұлының орны ерекше. Былтыр жоғары оқу орнын бітіріп келген екі жас мұғалімге біздің өтінішіміз бойынша тәлімгер болып жүр. Жас басшы ретінде өзім де өмірлік тәжірибесі мол Қасым ағамен ақылдасып, айтқан кеңесін тыңдап отырамын”, – дейді Дәуқара орта мектебінің директоры Алмагүл Сердалина.
“Ұстаздық туралы жыр” өлеңінде Қасым Нұрғалиұлы:
“Ұлы мұрат – адам үшін ұстаз болу дегенің,
Сол мақсатта Абай сөзін ұран етіп келемін.
Жалықпадым білгенімді үйретуден балаға,
Ел ертеңі – жастарға да Мағжандайын сенемін”, – деп жазған екен. Ол – осы ұлы мұратына абыроймен жетіп келе жатқан ұстаз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.